СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЗАҢЫНА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР ҚОС БАСҚАРМА ҰЖЫМЫНА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде кезең-кезеңмен бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жол бергендерге көрілетін жаза түрі қатаңдатылды.
2020 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, пара алу, пара беру, делдал болу әрекеттеріне түзетулер енгізген болатын.
Осыған орай, бүгін Заңнамаға енгізілген өзгерістермен мемлекеттік қызметшілерді кең көлемде ақпараттандыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түрікстан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Гүлмира Төлегенқызы бірқатар ұжымның қызметкерлерімен келелі кездесу өткізді.
Ең алдымен, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының ұжымымен кездескен Департамент өкілі Заңнамадағы жаңашылдықтарды, атап айтсақ мемлекеттік қызметшілерге және оның отбасы мүшелеріне сыйлық беруге тыйым салу нормасы күшіне енгенін және сыбайлас жемқорлық субъектілері болып табылатын лауазымды тұлғалардың ауқымы кеңейтіліп, квазимемлекеттік салаға бақылау күшейтілгенін, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар мен оларға теңестірілген лауазымды тұлғалардың өз жақын туыстарымен тікелей бағыныста бола алмайтындығын, Қылмыстық кодекске «қылмыс жасауға арандату» деген 412-1-бап енгізіліп, ол бойынша бұдан былай құқық қорғаушылар қылмысты әшкерелеу мақсатында адамды қылмыс жасауға көндіріп, арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, кезекті кездесу мәдениет басқармасының қызметкерлері арасында өткізіліп, жиында Заңнамаға енгізілген бұл толықтырулар өз кезеңінде мемлекеттік қызметшілер арасында парақорлық әрекеттердің туындауына тосқауыл болып қана қоймай, ел азаматтарының пара ұсынғандығы үшін де жазаға тартылатынын ескертетіні толыққанды атап өтілді.
Шара соңында басқарма қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, жиынға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.