* Табыс тарихы. Розалия Мера – ZARA брендінің ана

Розалия Мера – әлемдегі ең дәулетті әйелдердің тізіміндегі жалғыз испандық әйел. Өзінің миллиардтарын әлемге әйгілі Zara маркасының арқасында тапқан кәсіпкер әйелдің табандылығы мен кез-келген тығырықтан шығарар тапқырлығына тәнті болмасқа шараң жоқ.

Розалия Мера Испанияның Галасия қалашығында 1944 жылы дүниеге келген. 11 жасында отбасына көмектесу үшін тігін тігуді үйреніп, мектептегі оқуын тастауға мәжбүр болған қаршадай қыз «еңбектің наны тәтті» болатынын ерте сезініп өсті. Ал үлкен бизнеске алғашқы қадамын тұрмысқа шыққан соң, бүгінде әлемнің ең дәулетті адамдарының бірі саналатын, бірақ сол кезде өзі сияқты қарапайым тігінші болған Амансио Ортегамен бірге жасайды.

Жас жұбайлардың өз ісін бастау тарихының өзі қызық. Бірде Розалия Ла-Корунья қаласында серуендеп жүріп, дүкен сөресіндегі жібек матадан тігілген үй көйлегіне қатты қызығады. Бірақ, оның бағасын ерлі-зайыптылардың қалтасы көтермейтін болып шығады. Осыдан кейін бұрындары белгілі дизайнердің қолында жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтаған Амансио сүйіктісіне сыйлық жасау үшін дәл осындай үй көйлегін өз қолымен тігіп шығады. Оның өзіндік құны дүкендегіден бірнеше есе арзан болатынын байқаған Розалия мен Амансио ақылдаса келе үйден шағын тігін шеберханасын ашып, қымбат киімдердің арзан нұсқаларын тігумен айналыса бастайды. Ерлі-зайыпты тігіншілердің қолынан шыққан бұйымдардың жоғары сапасы мен үздіксіз жарнаманың арқасында танымалдылығы артып, көп өтпей олар көтерме тапсырыстар бойынша жұмыс істеуге кіріседі. Алғашқы эскизінен бастап дайын бұйымға дейінгі жұмыстың барлығын өздері атқаратын кәсіпкерлер бұдан әрі де осы қалыппен кете берер ме еді, егер…

Бірде үлкен көлемде тапсырыс берген адам соңғы сәтте тапсырысынан бас тартады да, бұл топтамаға көп қаражат жұмсаған Ортегалардың отбасылық бизнесі құрдымға кетуге айналады. Бірақ, қысылтаяңда тығырықтан жол таба кеткен ерлі-зайыптылар өздерінің шағын дүкенін ашып, қоймадағы тауарларды өздері сата бастайды. Осылайша олардың алғашқы өз сауда нүктесі пайда болады. Бұл сауда маркасы уақыт өте келе бәрімізге белгілі  ZARA сән брендіне айналады.

Шаруа күн санап өрге басып, жаңа киімдер топтамасы нарыққа жылына 2-3 реттен түсіп жатты. Бұл қалыптасқан табысты жүйе болатын, алайда кейде шығын да әкелмей қоймайды. Себебі, болашақ тұтынушыларыңның талғамын кем дегенде жарты жыл бұрын тап басып, киім үлгілерін жиі өзгертіп отырмасаң, сән әлеміндегі бәсекелестерің шаң қаптырып кетуі әбден мүмкін. Бірақ, бұл кезде сән әлемінің бар ой-шұқырын жақсы меңгеріп үлгерген Розалия бұл қиындықтан шығар жолды да оп-оңай табады. Енді «ZARA»-ның жаңа топтамасын жасауға өзге брендтер сияқты жалғыз модельер емес, тұп-тура 200 модельер тартылады. Олар сән үйлерінің ең танымал үлгілері мен жаңалықтарын негізге ала отырып, кез-келген өзгерісті қалт жібермей, әртүрлі үлгілерді үздіксіз ұсынып отырды. Осының арқасында fast fashion немесе «жылдам сән» тұжырымы дүниеге келді.

1985 жылы ZARA дүкендер желісінің негізінде Inditex корпорациясы құрылды. Ол бүгінде әлемнің 77 еліндегі ZARA, Oysho, Massimo, Dutti, Bershka, Pull and Bear, Zara Home, Stradivarius, Uterque брендтерімен ашылған 5000-нан астам дүкендерге басшылық жасап отыр.

«ZARA»-ның басты артықшылығы – қолжетімді бағалары, өнім өндіру және сату жүйелері және өнім атауларының әралуандығы және көптігі. Яғни, бәсекелес фирмалар жылына шамамен 2000-нан 4000-ға дейін киім үлгілерін ұсынса, ZARA өз клиенттеріне тауардың 11 000-нан астам түрін ұсына алады. Сондықтан, топтамалар жиі жаңартылып, дүкендегі заттар бір айдан артық тұрақтамайды. Бұл тұтынушыларды жаңалықтан құр қалмау үшін дүкенге жиі бас сұғуға мәжбүрлейді.

Сән әлеміне осындай жаңалықтарды енгізген Розалия Мера 2001 жылы отбасылық бизнестің өзіне тиесілі бөлігін алып, қолына тиген $600 млн үлесін бірден әртүрлі саланы қаржыландыруға жұмсады. Айталық, кино өндірісіне арналған жабдықтарды шығаратын кәсіпорынға, дәрі-дәрмек өндіретін компанияға, теңіз және мұхит балықтарын аулау кәсібіне, ауылшаруашылық өнімдерін өсіру және қайта өңдеу өнеркәсібіне салған қаражаттары еселеп қайтып, оны Forbes рейтингіндегі әлем алпауыттарының қатарына жеткізді.

Тапқан табысының бір бөлігін үнемі қайырымдылық мақсаттарға жұмсап отыратын кәсіпкер әйел 2007 жылы адам өмірінің экономикалық және әлеуметтік жағдайларын жақсартуға қосқан үздіксіз үлесі үшін Lifelong Achievment Award жүлдесімен марапатталды.

2013 жылғы бағалау бойынша 6,1 миллиард доллар байлықтың иесі атанған Розалия Мера сол жылы 70-ке қараған жасында жүрек талмасынан көз жұмды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.