ТАУЛЫ ҚАРАБАХТА ОҚҚА ҰШҚАН ҰЛ

Өткен ғасырдың соңына таман орын алған келеңсіз оқиғалардың бірі ретінде Таулы Қарабахта орын алған саяси қақтығысты айтуға болады. Бүгінде көпшілік бұл оқиғаны ұмыта бастаған шығар, бірақ сол соғыстың куәсі болған жауынгерлердің жүрегіне түскен жара ешқашан жазылмақ емес.

Кеңес өкіметі кезінде бұл облыс автономиялық құрылым ретінде Әзірбайжан КСР-ның құрамында болды. Бірақ ондағы халықтың басым көпшілігі армяндар еді. 1985 жылы басталған Қайта құру кезеңінен кейін облыстағы армяндар Әзірбайжан КСР-нан бөлініп, Арменияға қосылуды талап ете бастады. Сөйтіп 1988 жылы көктемде жергілікті армяндар мен әзірбайжандар арасында жанжал туды. Жергілікті армяндар сан жағынан көптігін пайдаланып, әрі Армения КСР-ның көмегімен әзербайжандарды қыспаққа алды. Таулы Қарабахтан қашқан әзірбайжандар Бакуге барып, онда тұратын армяндардан өш алуға кірісті.

1990 жылы 19 қаңтарда Кеңес өкіметі жергілікті билік органдарының келісімінсіз Бакуге әскер кіргізді. Міне, осы құрамда тағдыр айдап, Кеңестер одағының құрамындағы республиканың өкілдері де қақтығыс жүріп жатқан қан майданнан бір-ақ шықты. Әскери тапсырманы орындап жүріп, оққа ұшқан боздақтардың арасында қазақтың қара домалақ балалары да аз емес еді. Бірі әскери борышын аяқтауға санаулы күн қалғанда ажал құшса, енді бірі бертінде қайтыс болды. Ал, тағы бірі соғыстың жүрекке салған жарасын жаза алмай, зардабын тартып әлі жүр.

Біздің бүгінгі әңгімеміз Таулы Қарабахта жарақат алып, соның салдарынан небәрі 28 жасында қыршын кеткен атыраулық Мақтымқұлов Қоныс Мұратұлына қатысты өрбімек. Таяуда оның мақтааралдық қарулас досы Ерғали Базарбаев «Ерекше тәуекелді соғыс ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, ауған соғысының ардагері Мейірбек Бектасовпен бірге Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылына барып, жауынгердің рухына тағзым етіп, ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысып қайтты. Досқа дұға жасап, көңілі жайланып келе жатқан ел ағаларын Шымкент темір жол вокзалында кездестіріп, сапар барысы жайлы сұрап білдік.

Қоныс Мақтым­құловты еске алып, өзі оқыған мектепке ескерткіш қоюды көптен бері жоспарлап жүрген едік. Соның сәті енді түсті. Ауылдастарына да рахмет, ерекше дайындалған екен. Алдымен Қоныстың білім алған, балалық шағының ізі қалған Қарашаұлы атындағы Сарайшық жалпы орта мектебінің акт залында еске алу шарасы өтті. Оған Қоныстың ағайын- туыс, ауылдастарымен бірге әскерде бірге қызмет еткен жолдастары да қатысты. Осыдан 28 жыл бұрынғы қарулы қақтығысқа қатысушы жауынгерлер – Самат Бисеновке, Серік Мұқашевқа, Әділхан Өтеғалиевке, Рүстем Рахметовке, Сәрсенбі Баймұқановқа, Мереке Жаңбырбаевқа арнайы төсбелгі табыс еттік.Сондай-ақ, кішкентай кезінде Қонысты бағып-қағып өсірген жеңгесі, Сарайшық орта мектебі музыка пәнінің мұғалімі Зәмза Қайрошева апай да осындай медальға ие болды.

Зәмза апай сол күнгі іс шараға денсаулығына байланысты келе алмаған Қоныстың анасы Жаңыл апайдың хатын оқып берді. Хатты тыңдаған көпшілік көздеріне еріксіз жас алды. Біз қоғамдық бірлестіктің атынан осынау еске алу шарасын жоғары ұйымдастырған мектеп ұжымына, ауыл әкімшілігіне және ел ағалары мен ағайын-тумаластарына ризашылығымызды білдірдік.

– Сонымен бірге бізге үнемі қолдау білдіріп, елеусіз қалған есімдерді ұлықтап, рухына тағзым ету жолдарында бастама көтеріп жүрген ағамыз, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлға ерекше алғысымызды айтамыз, — дейді Мақтаарал аудандық ауған және жергілікті соғыс ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Ерғали Базарбаев.

Мұндай лебізді Сарайшық селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы Раул Тауов пен еңбек ардагерлері Қадим Сисенғалиев, ауыл кәсіпкері Нұролла Нұрғалиев білдірген. Кеш қонақтары мектеп қабырғасына ілінген ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінен кейін Қоныс Мұратұлының рухына бағышталып берілген Құдайы асқа қатысты.

Осылайша көптен бері ойда жүрген сауапты істі жүзеге асырып келе жатқан бірлестік мүшелері алдағы уақытта тағы бір елеусіз қалған қарабахтық жауынгер – Ермұханов Талғат Намазұлының да есімін жаңғырту жұмыстарын қолға алуды жоспарлап жүргенін жеткізді. Иә, «Достан – дұға» деп осындайда айтылса керек.

Айдын СӘТЖАН.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.