Теріс ағым текті бұзады
Еліміздің Ата заңында ар-ождан бостандығы туралы, дінге және діни нанымға байланысты кемсітуге болмайтындығы, сондай-ақ қандай дін болмасын, азаматтардың ерекшеліктеріне қарамастан тең құқылы екендігі жазылған. Дегенмен, соңғы бірнеше жылда қалыптасқан еліміздегі діни ахуал заңдық жағынан болсын, діни сауаттылық тұрғысынан болсын біраз шараларды қабылдау керектігін дәлелдеді деуге болады.
Осы орайда жастардың құқықтық және діни сауаттылығын жетілдіру бағытында әлі де атқарылар шаралар көп. Олай болатыны, қазіргі дәстүрлі емес деп атап жүрген діни ағымдардың негізгі назары жастарға бағытталып, олардың қатарын көбінесе жастар толтырып отыр. Соңғы кездері бұрын-соңды атын естімеген дәстүрлі емес діни ағымдардың көбеюі осының дәлелі. Бақытты өмір қандай болатыны жөнінде түрлі-түсті етіп безендірілген кітаптарды тарататын адамдар пайда болды. Тіпті тыңдауға уақытың жоқтығын айтсаң да, артыңнан қалмай діни брошюраларды ұсынып, өмір туралы өз қағидаларын судырата жөнеледі. Жат ағымдардың құрығына жастар жағы жылдам түсіп жатыр. Олар жастар санасын тек уландырып қана қоймай, сонымен бірге өз қатарларына адамдар жинауда, өздеріне пайда әкелетін істермен айналысуда жастарды пайдалануда.
Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Сөзіміз дәйекті болуы үшін соңғы кездердегі деректерге назар аудара кетсек, 1989 жылғы 1 қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2012 жылғы қайта тіркеу шарасынан бұрын еліміздегі тіркелген ұйымдардың саны 4551-ге жеткені белгілі. Қазір олардың қайта тіркеуден өткендерінің саны үш мыңнан астам. Мұның өзі аз емес.Әсіресе дәстүрлі емес, тоталитарлық және деструктивті секталар мен радикалды діни ағымдардың кейбірі тіркелуді қажет деп таппайтындықтан, олардан зардап шеккендерді анықтау немесе оларды жауапқа тарту барынша қиын. Ең басты алаңдатушылық тудыратын мәселе діни ұйымдар мен олардың іліміне сенушілердің күн санап өсуінде болып отыр.
Дегенмен діни ағымдарға қарсы атқарылып жатқан шаралар қаламызда аз емес. Жақында Шымкент қаласында орналасқан №9 емхана қызметкерлерімен «Дәстүрлі емес діни ағымдардың іс-әрекеті мен олардан келетін қауіптің алдын алу» тақырыбында кездесу өтті. «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі емес діни ағымдардың іс-әрекеті, олардан келетін қауіптің алдын-алу шаралары талқыланды. Кездесуге ҚМДБ-ның ОҚО өкілдігінің жанынан құрылған ЖАНТ мүшелері, Шымкент қаласы Абай ауданы Нұр төбе мешітінің бас имамы Б.Жәміш т.б. қатысты.
Сөз кезегінде теріс діни ағымдардың белгілері мен олардан сақтану жолдары, діни ілімді алуда тек мешіт өкілдері мен арнайы дін мамандарына жүгіну керектігі ескертілді. Емхана қызметкерлері көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, ойларын ортаға салды. Кездесу барысында заңмен тыйым салынған діни ұйымдар мен жауапкершіліксіз жұмыс істеп жатқан дәстүрлі емес діни ағымдардың іс-әрекеті, олардан қорғану шаралары айтылып, қатысушылар өз ойларымен бөлісті.
Сондай- ақ, имам Б.Жәміштің қатысумен «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу» атты кездесу №16 мектептің жоғарғы сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Кездесу барысында еліміздегі жат ағымдар жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.
Дәстүрлі емес діни ұйымдардың екі қыры бар: бірі-коммерциялық, екіншісі-идеологиялық. Олар тек діни ағым ретінде ғана емес, инвестор немесе бизнес өкілі ретінде де еркін жұмыс істейді. Ал бұған қарсы тұру үшін алдымен жеке тұлғаның құқықтық және діни сауаты маңызды рөл атқарады. Ал алдымызда жастардың құқықтық және діни сауатын арттыру және жүйелі шаралар өткізу, діни ағартушылық бағдарламалар ұсыну мен орта және жоғары білім беру саласында аталмыш олқылықтың орнын толтыру үшін жасалып жатқан шараларды одан әрі жетілдіру міндеті тұр.
М.Естеміров, Дінтанушы
«Қазақстан жолы» газеті, №16 (691), 28.04.2018 ж.