Теріс ағымдармен күресте тың серпін бар
Еліміздің болашағы жастардың қолында. Бірақ кейбір жастарымыздың дәстүрлі емес жат ағымның құрбаны болып жүргені алаңдатады. Жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетуінің басты себептерінің бірі ретінде олардың интернетті жиі қолданып, әлеуметтік желілерде сананы улайтын аудио және видеотаспалардың таратылуын айтуға болады.
Сондықтан жастардың жат ағым жетегінде кетуінің алдын алу үшін бейресми діни білім беру орындарына көңіл бөлу, дін негіздерін дұрыс түсіндіру, оны білікті, білімді дін мамандары арқылы жеткізу, халықтың діни сауатын ашатын оқу орындарын көбейту, елімізде тез тарайтын ақпараттардың бірі – әлеуметтік желілерді қатаң бақылауға алу керек. Бұл шараға еліміздің әрбір азаматы атсалысуы қажет. Сонда ғана бейбіт еліміздің тыныштығы сақталады. Біздің Түркістан облысында да мұндай теріс діни ақпаратты бақылау мен діни тәртіпті нығайтуға барынша күш салынып келеді.
Мәселен, Түркістан облысының өкілдігі жанынан құрылған ЖАНТ мүшесі С.Мұсаханов биылғы жылы Арыс қаласындағы «Байланыс және белгі беру» мекемесінде «Деструктивті діни ағымның алдын алу» тақырыбында кездесу өткізіп, жастарымыздың жат ағымдар жетегінде кетуінің алдын алуда оларды жастайынан Ислам дініндегі көркем мінезге, білімділікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
Ал Арыс қаласындағы №17 колледж студенттерімен кездесуге Арыс қаласы Орталық мешітінің жастар өкілі Қ.Садыбаев арнайы қатысып, мінез-құлық турасында уағыз айта келе өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнә екендігін, кереғар ағымдар кесапатының қоғамға тигізер зардабын студенттерге байыппен түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ Арыс қаласының бас имамы бастаған қала,ауыл имамдары Арыстан баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне зиярат етіп, Түркістан облысының өкіл имамы М.Ақтамбердімен кездесті.Келелі кездесу барысында өкіл имам М.Ақтамберді теріс ағымдардың қоғамдағы қауіптілігі туралы баяндай келе, дініміздің құндылықтарына кеңінен тоқталды. Халқымыздың дін мен дәстүрді қалай ұйыстырып, өз өмірлерінде шамшырақ етіп ұстанғандығы жайында да айтып өтті. Өңірдегі діни ахуал, дәстүрге қатысты көптеген мысалдарды аят пен хадис аясында түсіндіріп, тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданында теріс ағымдардан сақтандыру жұмыстары да өз нәтижесін беріп, ауданда жат ағымдардың алдын алу мақсатында арнайы топ құрылып, мешіт жамағаттары және студенттер мен мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Топты Сарыағаш ауданының наиб имамы Н.Бижанов бастап жүрді.
Атап айтар болсақ, Қапланбек агротехникалық колледжінде, Арыстанбаб колледжі, Жаңатұрмыс елді мекені «Айнақожа» мешіті, М.Мақатаев жалпы орта мектебі, №136 жалпы орта мектебінде кең көлемдегі кездесулер өтті.Toп мүшелері қатарында Түркістан облысының наиб имамы Е.Кизбаев және Сайрам ауданының бас имамы П.Исмайл, Түркістан қаласы «Жұма» мешітінің молдасы Х.Құдайбердіұлы т.б. болды.
Бір күндік іссапар барысында топ мүшелері жамағаттардың, студенттердің, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, ислам, мұсылмандықтың белгісі, тыныштық, бейбітшілік, білім алудың маңыздылығы, ҚМДБ сараптау комиссиясы мақұлдаған кітаптар, салт-дәстүр жайлы насихат айтып, кереғар ағымдарға қарсы тұрудың жолдарын көрсетіп берді.
Дайындаған: Ұ.ӨСКЕН.
«Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.