Терiс ағымнан абай болған абзал
Орта Азия елдерінде, Қазақстанмен шекарасы жақын мемлекеттерде дін мәселесі, терроризм мен экстремизм өзектi тақырып болып тұр. Терiс пиғылды радикалды ағымдар мен секталардың құрбанына айналған қаншама жан бар. Ал, ол адамдар бiр отбасының мүшесi болып саналады. Қорытындысында мұндай жағдайға түскен жан шаңырағының шайқалуына себепшi болады. Сондықтан жастар арасында, жалпы қоғамда тұрақты түрде көптеген іс-шаралар өтуде.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі Жетісай аудандық бөлімінің маманы Д.Аманов аудандағы Арайлы елді мекенінде орналасқан «Ар- Рахман» мешітінде болып, мешітке келуші жамағатпен жүздесіп, оларға намаз алдында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сол күні ауыл тұрғындармен өткізілген арқын-жарқын кездесуде өзекті мәселе жан-жақты талқыланды.
Елімізде терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, болдырмау үшін мемлекет тарапынан заңдық тұрғыдан негіз жасалынған.
Кездесуге жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, мешіт қызметкерімен бірлесе отырып алдағы уақыттарда пәрменді жұмыс жүргізуге уағдаласып тарасты.
Жуырда Мырзакент кентінде орналасқан орталық Абдул-Әкім мешітінде құптан намазға жиналған жамағатпен «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы Д.Аманов кездесу өткізді. Кездесу кезінде теріс діни ағымдардың жетегінде кетпеу үшін қандай жағдайлардан сақтану жайы кеңінен әңгіме болды. Бізге көрші мемлекеттерде әр түрлі экстремистік және террористік ұйымдар пайда болып, мемлекеттердің тұтастығына, қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіру әрекетін байқатқан. Бұл мәселе бүкіл әлемге ортақ індет болғандықтан және еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен ішкі саяси тұрақтылығы үшін күн тәртібіндегі басты өзекті мәселесі болып отыр. Кездесуде Ханафи мазһабы мен халқымыздың дәстүрлері туралы, олардың бір-бірімен ұштасып жатқаны сабақтастығы жайында жан-жақты тартымды да, мазмұнды әңгіме өрбіді.
Қазіргі кезде елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұмыстары жүйелі деңгейде жолға қойылғаны баршаға аян. Яғни, осыған қажетті инфрақұрылым мен құқықтық базаның негізі қаланды. Атап айтар болсақ, елімізде Дін істері министрлігі, басқармалар құрылып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Бұл елімізде зайырлылық ұстанымының жоғары бағаланатынын, экстремистік идеялар құпталмайтынын білдіріп отыр. Ел ішінде кең ауқымда түрлі насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.
Кездесу соңында «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» мамандары тарапынан шығарылған «Бала тәрбиесі және діни бүліктер» кітабы таратылды. Жиналған жамағат көкейлерінде жүрген түрлі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.
Фото интернет желісінен алынды.