Терроризмнiң сипаты қандай?

Дүние жүзі бойынша террористік ұйымдар мен олардың сипаттарын төмендегідей деп білгеніміз жөн.

– Терроризм– идеология, доктрина, тіпті жүйелік пікір де емес. Ол стратегия.

– Терроризм, бүкіл әлемді “жақсы” және “жаман” деп екі топқа бөліп, өздерін “жақсы” категориясына жатқызады.

– Терроризм, лаңкестік әрекеттерді  іске асыру үшін, міндетті түрде сценарий дайындап, «а» және «б» жоспарын жасайды.

– Терроризм болашақ үшін жаңа мүмкіндіктер мен өзгерістер уәде етеді.

– Терроризмнің үнемі бұлыңғыр болса да саяси мақсат-мүддесі болады.

– Терроризм – халықаралық саясаттың бір бөлігі, сол себепті сырттан келетін қолдау арқылы іске асырылады.

– Терроризмнің өз тілі болады және тек сол тілде сөйлеуге тырысады. Жалпы терроризм қай жерде жасалса да, кім жасаса да варварлық құбылыс.

Мәлім болғанындай, террористік ұйымдардың өз қызметін ойдағыдай атқаруы, жұмысын жүргізуі үшін белгілі қағидалары бар. Олар: идеология, ішкі және сыртқы қолдау, ақша және қызметкерлер. Бірақ, бір ұйымның құрылуы үшін ең маңыздысы ол – идеологияның болуы.  Бұл коммунист, фашист, этникалық немесе діни идеология болуы мүмкін. Сол себепті,  террористік ұйымдар ең алдымен идеологияларын дамытып, кітап, журнал, әлеуметтік желі және қолдарынан келгенше БАҚ арқылы өз ұйымдарына жақтас болатын, пікірлері сәйкес келетін адамдарды өздеріне тартумен бастайды. Терроризмнің төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең өріс алып отыр. Оған діни сипат беру тіпті қателік.

Шын мәніне келгенде, терроризмді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстырудың ешбір негізі жоқ. Бейбіт тұрғындардың өмірін жалмайтын, террорлық актілерді жасаушы террордың діні, мәзхабы болмайды. Террорлық қимылдарға кез келген ұлттың өкілі, кез-келген діннің атын жамылушы діннен безген без­бүйректер бара алады. Ешкім террорист болып тумайды, ол тұқым да қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік, экономикалық, моральдық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын террорлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Лаңкестік әрекеттер бүкіл әлемді дүр сілкіндіруде. Лаңкестікке қарсы күрес жүргізу барысында, қауіпсіздік тақырыбының маңызы мен сыртқы саясаттың адам құқықтарына, демократияға,  плюрализмге, заңның үстемдігіне қатысты маңыздылығын ескеру басты мәселелердің бірі. Және де еліміздің сыртқы күштердің қолдауын тауып отырған террорлық ұйымдардың нысанасына айналмауы үшін, халықаралық заңға құрмет көрсететін, рационалды, ұлттық мүддені алға қоятын, бейбітшілік пен достастық қағидаларына негізделген саясат ұстанғаны абзал.

А.Аташев, дінтанушы

«Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Көрнекі фото интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.