Тұғыры биiк тұлға

«Өткенге үңілмей болашақты жасай алмайсың» демекші, тарих қатпарына зерделей қарасақ, біз біле бермейтін қанды оқиғалар мен ел үшін жанын шүберекке түйген батыр бабаларымыз қаншама. Біз бүгінгі бақытты күнге, бейбіт заманға жүрегі елім, жерім деп соққан батыр, ақылгөй, дана бабаларымыздың ерлігінің арқасында жетіп отырмыз.

Ендеше, бүгінгі таңда біз сол ата-бабаларымызды, тау тұлғаларымызды ұлықтауға, олардың өнегелі істерін ұрпақтардың өне бойына сіңіруге тиіспіз. Бұндай игілікті іс ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен өзектес жұмыс. Ұлыларды ұлық­тау мақсатында Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві 17 сәуір күні саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, әйгілі «Бесеудің хатындағы» бес ірі азаматтың біреуі – Алтынбеков Ембергеннің 115 жылдығына орай іс-шара өткізді.

Іс-шараға М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың доценті, техника ғылымдарының кандидаты Рүстем Алтынбеков, тарих ғылымдарының кандидаты Серік Жүнісбаев және ОҚМУ-дың студенттері қатысты. Аталмыш шарада архив басшысы Гүлнар Шардарбекова мұрағатта сақталған құжаттар негізінде Алтынбеков Ембергеннің өмірі мен еңбектері жайында кеңінен тоқталып өтті. Ал Рүстем Феликсұлы Емберген атасы туралы әкесінен естіген естеліктерді архив қызметкерлерімен және студенттермен бөлісті.

Іс-шараға қатысушылар әсіресе, студент жастар Алтынбеков Ембергенді танумен қатар сол тұстағы саяси жағдайдан көптеген мағлұматтар алды. Кеңес үкіметінің жүргізген озбыр саясаты, байлардың мүлкін тәркілеу, колхоздастыру, көшпенді елді күштеп отырықшылдыққа айналдыру, малдарын ортақтастыру салдарынан ел аштыққа ұшырап, миллиондап қырылды. Халқына жанашыр болған жүректі азаматтар осы келеңсіз жұмыстарға наразылығын білдіріп, жоғарғы партия орындаушыларына ашына хаттар жазды. Солардың бірі «Бесеудің хаты» еді.  Оны жазғандар: Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мұқаш Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков, Қадыр Қуанышев. Олар Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы  Голощекиннің солақай саясаты – колхоздастырудағы асыра сілтеу, орта шаруаларды кәмпескелеу т.б. мәселелер жөнінде күйзеле сөз етті. Елдің ертеңін, ұлт болашағын ойлаған Алтынбеков Ембергеннің еңбегін естен шығармай, жадымызда сақтап, Отанды, ұлтты сол кісілердей сүйетін жастарымыз күн санап көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

М.ИСМАИЛОВА,

Түркістан облысының қоғамдықсаяси тарихының архиві КММ қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.