Тура жолды интернеттен емес, шынайы өмір көрiнiстерiнен iзде

Жуырда Сайрам ауданының Манкент ауылында тұратын жастармен кездесу болып өтті. Кездесуде «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» Сайрам аудандық бөлімінің маманы  А.Тәжібаев «Интернеттегі діни ағымдар» тақырыбы бойынша жиналған жамағатқа кең ауқымда түсініктеме берді. Жастардың діни ақпаратты аларда жат ағымдардың зияны тиіп кетуі мүмкін екенін айтып, оны теолог маманнан немесе ҚМДБ-ға қарасты жергілікті мешіт имамдарынан алу керектігі айтылып, оларға сақтық шаралары жөнінде ескерту жасалды.

Бүгінгі таңда «діни экстремизм, терроризм, уаххабизм, сәләфизм» мәселесі жиі көтерілуде. Мұның бәрі құр адасушылықтан, діни таным–түсініктің тарлығынан. Ал, адасушылық, діни сауатсыздықтан туындайды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаетың бір сұхбатында: «Терроризм, экстремизм деген мәселе ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басында шықты. Бірақ оны исламға апарып жабыстырудың ешқандай қисыны жоқ. Ислам бейбітшілікті қалайды, ал «ислам терроризмі» деп аталып жүрген нәрсенің діни де, ұлттық та белгісі жоқ» деп атап өтуі тектен-тек емес.

Әлемдік діндердің ішіндегі тазалықты дәріптейтін – Ислам діні. Ол адамның абыройы мен ар-ожданын жоғары қойып, әділдік пен бейбітшілікті ту ететін дін екендігі баршаға аян.

Дін маманы осынау кездесуде жастарды түрлі кереғар ағымдардан сақтануға шақырды.

Алыста тұрып құрық салатын әдіс – интернет арқылы өздерінің арам пиғылына, теріс діни ағымына тарту қазіргі таңда кереғар ағымдардың сорақы тірліктері болып тұр. Бүгінгі күні бұл кең тараған тәсіл.  Сайрам ауданының Ақсукент ауыл округінде ауыл тұрғындармен Ақсукент ауыл округінің полиция инспекторы М.Жетпісбаев пен ауданның теолог маманы А.Тажибаев «Интернеттегі теріс діни ақпараттардан сақтанайық» тақырыбында кездесу өткізді.

Кездесу барысында учаскелік полиция инспекторы М.Жетпісбаев қазіргі уақытта теріс ағымдардың ақпарат құралдары арқылы өздерінің теріс діни көзқарастарын насихаттап, қоғамның тыныштығын бұзғаны үшін, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша діни, ұлтаралық алауыздықтар тудырып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын, сондықтан діни ақпаратты бөлісуде өзге ағымдардың насихатынан сақтану керек екенін жан-жақты айтып өтті.

Ауданның теолог маманы А.Тажибаев ұялы телефонға келген ақпаратты бөлісуде оның қандай сайт, қайдан, кімнен келгенін қадағалап, интернеттегі теріс ағымдардан сақтанып, барлық жағдайда ҚМДБ-ның жергілікті діни қызметкерлері мен теолог маманнан кеңес сұрау керек екенін көңілге қонарлықтай етіп жеткізді.

Жұртшылықпен болған тартымды кездесу соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар да берілді.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.