ТҮРКІСТАН: АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА «СЕРВИСТІК ӘКІМДІК» АШЫЛДЫ

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында мемлекеттік қызметтің сапасы мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың туындауын болдырмауға бағытталған «сервистік әкімдік» ашылды.

Қалалық әкімдік жанынан ашылған нысанның ашылу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Мирас Қарғабай мен Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек қатысып, жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ашылған «сервистік әкімдіктің» мүмкіншілігімен танысты.

«Бүгінгі күні Агенттіктің бастамасымен ел аумағында мемлекеттік органдардың жұмысы «Open space» форматына көшірілуде. Бұл халыққа барынша қолайлы жағдай туғызып, ашықтық пен жариялылықты, сондай-ақ жұмыс сапасының артуы мен тұтынушылардың кедергісіз қызмет алу мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Бүгінгі кезекті Арыс қаласында ашылған «сервистік әкімдікте» тиімді қызмет көрсетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға тікелей ықпал ететін болады»,- деп атап өтті Мирас Қарғабай.

Жаңа кеңседе мемлекеттік қызметтің 70-тен аса түрі көрсетіледі. Мұнда азаматтарды қабылдау, өтініштерді жедел қарау, құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді көрсету мүмкіншіліктері қарастырылған.

Айта кетсек, бұдан былай тұрғындар қаланың әр бұрышында орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмайды. «Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландырып қана қоймай, азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және тұтынушылардың кедергісіз қызмет алуларына мүмкіндік бермек.

Алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты қала/аудандарда Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «сервистік әкімдіктердің» қатары көбейіп, атқарушы билік өкілдері мен өңір азаматтарының арасында ашықтық қағидаты қалыптасатын болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.