ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ГРАНТ АЛЫП, КӘСІБІН АШҚАНДАР КӨБЕЙДІ

Түркістан облысы, Арыс қаласында мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін ашқандардың қатары көбейіп келеді. Былтырдың өзінде 110 арыстық тұрғын қайтарымсыз 583400 теңге грантының иегері атанған.
Арыс қаласының тұрғыны көпбалалы ана Гүлнәз Есеналиева былтыр қалалық жұмыспен қамту орталығына құжат тапсырып Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, тігінші куәлігіне ие болған. Одан соң қайтарымсыз қаржы иегері атанып, кәсібін бастап кеткен. Бүгінде сауда орталығынан арнайы орын жалға алған ісмер ана мемлекет берген қаржыға заманауи тігін машинасы мен көпфункционалды үтік түрлерін, жалпы тігіншіге қажет жабдықтарды сатып алған. Көбіне әскери форма мен сырт киімдер, медициналық халаттар тігумен айналысатын көпбалы ана осы кәсібі арқылы тұмысын түзеп келеді.
Осындай бағдарламамен 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) қаржыға ие болған тағы бір көпбалалы ана – Назира Алдабергенова. Көптен өз ісін ашуды жоспарлап жүрген алтын құрсақты ана үшін бұл бағдарлама үлкен мүмкіндік берген. Бала кезінен тігін тігуге қызыққан ол бүгінде өз ісінің шебері. 583 400 теңгеге өзі қалаған тігін машинасы мен құрал-жабдықтарын сатып алған кәсіпкердің аз уақыт ішінде тұрақты тұтынушылар қатары толыққан.
Бүгінде ол оқушыларға арналған мерекелік киімдер мен медициналық формаға, сондай-ақ оюлы құрақ көрпелерге тапсырыс қабылдайды. Бұдан бөлек, шәкірт тәрбиелеуді де бастап кеткен тігінші, болашақта өз үйірмемді ашып, көпке пайдамды тигізсем дейді.
Айта кетейік, мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 АЕК мөлшерінде беріліп келген. Жалпы Арыс қаласында 2021 жылы 110 азамат осы грантқа ие болған.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.