ТҮРКІСТАН: АРЫСТЫҢ ДАМУЫ ЖАҢА ҚАРҚЫНДА ЖАЛҒАСУДА

Арыс қаласындағы экономикалық-әлеуметтік даму жұмыстары жаңа қарқында жалғасын тапты. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев атқарылған жұмыстардың барысымен танысу үшін Арыс қаласына келді. Алдымен 6000 га. жайылым жерде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен айналысатын «KAZ PLEMZAVOD» ЖШС-ң жұмысымен танысып, диқандармен кездесті. Шаруа қожалығы 2020 жылы «Аграрлық несие корпарациясынан» 1 млрд 332 млн. теңге несие алып, қосымша өз қаражаты есебінен 300 млн теңге қаражатқа етті, асыл тұқымды ірі қара малды өсіру, көбейту бағытында Бурятиядан 2050 бас «қалмақ» тұқымды ірі қара сатып әкелген. Сырттан әкелінген сиырларды  жерсіндіруге күш салынған шаруа қожалығында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жеке мал сою бекетін ашып, жылына 600 бас бордақылап, экспорттау жоспарда бар.

 

Сондай-ақ облыс басшысы жаңадан салынған күн электр стансасының жұмысымен танысты. Күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін бұл нысан – Қазақстан мен Франция компанияларының біріккен жобасы. Аумағы 30 гектар жерді алып жатқан станса құрылысын шетелдік инвесторлар қаржыландырды. Оған Еуропалық даму банкінен 7 млрд теңге қаралды. Күн электр стансасы 14 мВт электр қуатын өндіретін болады. Алда инвесторлар «ZHETYSU SOLAR 50» ЖШС-і 100 МВт, ал «Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы  50 МВт күн көзінен қуат алатын стансасын салмақ. Оңтүстік өңірде күн ыстық болғандықтан, қуат өндіру жеңіл. Жоба мақсаты — қуат көші тапшылығын шешіп, экологиялық жағдайды жақсарту.

 

Сапар барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев келер жылы жаңа маусымда Премьер лига командалары арасында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Арыс» футбол командасымен кездесті. Футболдан биылғы бірінші лига командалары арасындағы Чемпионатта «Арыс» күміс жүлдегер атанған болатын. Облыс әкімі арыстық спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы спорт додасында жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі.

 

«Футбол ойынын қолдап, дамытуға мықтап кірісіп жатырмыз. Түркістан облысындағы 2 миллион жанкүйерлеріңіз барда, футбол тек қана дами түсуге міндетті. Біз өздеріңізден үлкен үміт артамыз», — деді Өмірзақ Естайұлы.

 

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары барысында «Арай» аяқ киім тігу цехының жұмысымен танысып, немересіне былғарыдан тігілген етік сатып алды. Балалар аяқ киімінің бағасы 10-13 мың теңге тұрады. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігін бақылаған аймақ басшысы, отандық тауар өндірушілерді қолдап, сапасына жоғары бағасын берді. Отбасылық бизнестің иесі кәсібін Түркістан қаласында дамытпақ. Облыс әкімі аяқ киім тігу бизнесін  барлық ауданда дамытуға  мүмкіндік туғызуға тапсырды.

 

1994 жылдан бастап жұмыс істейтін кәсіпорында ерлер мен әйелдерге арналған 300-ге жуық аяқ киім түрлері шығарылады. Цехта жылына 12 мыңға жуық аяқ киімдер тігуге мүмкіндік бар. Қажетті шикізат Түркия, Ресей елдерінен және Жамбыл облысынан жеткізіледі. Аяқ киім бағасы 12-19 мың теңге аралығында сатылады.

Кәсіпорын жұмысын дамыту мақсатында «Арыс» НҰ» ЖШС арқылы 5 млн.теңге, төтенше жағдайға байланысты «Ырыс» МҚҰ» ЖШС арқылы «Қамқор» бағдарламасының аясында пайыздық мөлшерлемесі 1%-дық 5 млн.теңге несие алынған. 2019 жылы 24 маусымда орын алған төтенше жағдайға байланысты «Менің Атамекенім» ҚБ арқылы ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына 1,4 млн.теңге өтемақы берілген.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.