ТҮРКІСТАН: ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АУДАН АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облысқа қарасты Келес ауданына арнайы барып, аудан активімен кездесу өткізді.
Тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу мақсатында өткізілген келелі жиынға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев пен аудан әкімдігінің қызметкерлері, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Қоғамда адалдық идеялогиясын қалыптастырудың тиімділігі мен сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеудің негізгі тетіктері кең көлемде талқыланған жиында Мирас Асқарбайұлы сөз алып, Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың жемқорлық деңгейін төмендетуге тигізер үлесін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, қос жыл көлемінде Келес ауданында анықталған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына айрықша тоқталып өтіп, аудан активіне жемқорлыққа жол берген қол астындағы қызметкері үшін бұдан былай бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қаралатынын жеткізді.
Жиын соңында Департамент басшысының бірінші орынбасары сыбайлас жемқорлық көріністері негізінен, кадр мәселесін шешу, жәрдемақы тағайындау, жер телімін беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсау, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында жиі орын алатындығын алға тартып, жиынға қатысушыларды ел игілігі жолында халыққа қалтқысыз адал қызмет етуге шақырды.