ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ТАҒЫ 5168 ОТБАСЫНА 50 МЫҢ ТЕҢГЕ АУДАРЫЛДЫ

Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры арқылы екінші транш бойынша Түркістан қаласының тағы 5168 отбасына 50 мың теңге аударылды. Тағы дейтін себебіміз, осыдан екі аптадай бұрын бірінші траншпен 4903 отбасы осы көмекті алған болатын. Жалпы бір ай көлемінде Түркістан қаласының көмекке аса мұқтаж 10071 отбасына 50 мың теңге аударылып, нақты көмек көрсетіліп отыр.

«Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша облыс орталықтары мен тұрғын саны көп жалпы 23 қаланың аса мұқтаж тұрғындарына 50 мың теңгеден берілуде. Үйлестіруші – «Nur Otan» партиясы және жергілікті әкімдіктер. 23 қаланың қатарына Түркістан облысынан Түркістан қаласы енгізілген.

Тиісті министрлік пен  қала әкімдігіндегі база бойынша және «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының қосымша зерделеуімен екінші транш бойынша 5168 отбасы анықталды. Комиссия үйлерді аралап, шын мұқтаждарды іріктеуге күш салды.

Аталған қордан көмек алушылар жеті санатқа бөлінген: аз қамтылған көпбалалы отбасылар; I топтағы мүгедектер; мүгедек бала күтімімен отырған адамдар; зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алатындар); жетім балалар және 1 асыраушысынан айрылған жетім балалар; ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер; тыл еңбеккерлері.

Бұл – кәсіпкерлердің елге деген қосымша көмегі. Бюджет қаражаты жұмсалмаған. Сондықтан тұтас қаланы қамту мүмкін емес. Дегенмен, бір қала үшін 10 мыңнан астам отбасының көмекке ие болуы – үлкен көрсеткіш. Бұл істі жүзеге асыруға «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық және қалалық филиалы, Түркістан облысы әкімдігі, Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі,  «Birgemiz-Turkistan» қорының ұжымы, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы,  өңірдегі «Халықбанк», «Каспибанк» және «Қазпочта» мекемелері еңбек сіңірді.

Қауіпті індет елді алаңдатып тұрған кезде көмекке ие болған Түркістан облысының тұрғындары осы істі қолға алған Елбасыға, «Nur Otan» партиясына, «Birgemiz» қоғамдық қорына, кәсіпкерлерге және жергілікті әкімдіктерге алғыстарын білдіріп жатыр.

Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен  27 сәуірден бастап мұқтаждар отбасыларға көмек көрсетудің екінші толқыны басталды.   «Birgemiz» қоғамдық қоры тағы 210 мыңнан астам мұқтаж отбасына 50 мың теңгені аударуды қолға алды.

Жалпы «Біз біргеміз!» акциясы қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болып, жұртшылықтың оң бағасын алып отыр.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.