ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС АЛТЫНШЫ СЕССИЯСЫНДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс алтыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы алда келе жатқан Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды хабарлады.

Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық басқармалар басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы № 19/232-VII «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы №14/172-VI «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекетттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Түркістан облыстық мәслихатының төрағасына Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының қызметіне бағалау жүргізу өкілеттігін жүктеу туралы; «Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/250-VIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар қаралып, дауысқа салынды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек, екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасады.

Жалпы, сессия жұмысында мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия жұмысын облыс әкімі Дархан Сатыбалды қорытындылады.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Республика күні мерекесімен құттықтаймын. Өңірде ауқымды әрі мағыналы іс-шаралар өтеді. Бүгінгі сессияда әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық саяси жағдайларға байланысты көтерілген ұсыныстар қабылданып, қолдау тапты. Сол үшін депуттаттарға алғысымды білдіремін. Түркістан облысын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табады. Алдағы жұмыстарға, бастамаларға сәттілік тілеймін, – деді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.