ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНГІЗІЛУДЕ

Тамшылатып суару және элиталық сорттардың тұқымын себу негізінде мақта-тоқыма кластерін құру – мақта өсіру алаңын қысқартуға және қазіргі заманғы стандарттардағы тоқыма өндірісі үшін жоғары сапалы шикізат жинауды бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Ал жаңбырлатып суару машиналарының өндірісі экстенсивті ауыл шаруашылығындағы жер аумағын азайтуға және ылғал сүйгіш дақылдардың өнім көлемін ұлғайтуға жол ашады.

20 мамырда Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағына барды. Мұнда қазақстандық «BNK Group» БНК компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, 2023 жылы «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Барлық өндіріс 3000 м2 аумаққа орналастырылды. Бұл – Қазақстанда су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік беретін ірі және қымбат инвестициялық жоба.

Алайда, бүгінгі таңда «BNK IRRIGATION» ҚР резиденті ретінде ауыр салық жүктемесіне тап болып отыр. Кәсіпорын директоры Ниязалы Бейсенбаевтың айтуынша, нарықта ұсынылған шетелдік компаниялардың бұл тұрғыда бірқатар артықшылықтары бар. Мысалы, ҚР резиденті емес компаниямен жасалатын келісімшарттардың көпшілігі ҚҚС және басқа да мемлекеттік баждардан босатылды.

– Қазақстанға өзімізде өндірілетін жаңбырлатқыш машиналар қажет екені сөзсіз, – деп жауап берді кәсіпорын директорына Серік Жұманғарин.

– Біз отандық өндірушіге басқа өңірлерде су үнемдеу технологияларын енгізу үшін техника сатып алу бөлігінде қолдау көрсетеміз. ҚҚС төлеуге келетін болсақ, ауыл шаруашылығы министрлігіне Астанаға оралғаннан кейін осы мәселені тезірек шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен кеңес өткізуді тапсырамын, – деді вице — премьер.

Вице-премьер сапар барысында мақта-тоқыма кластері саласындағы «Түркістан» ӘКК мен «Алтын дала мақта» ЖШС-нің бірлескен жобасымен танысты. Бұл бастамаға кеңесші ретінде қытайлық «Lihua Spinning Technology Co., Ltd” ЖШС тартылған. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, матадан тігілген киімдерді, үй тоқыма бұйымдарын өңдеуге және өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды көздейтін жобаға мол үміт артылып отыр. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1000 гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын септі. Мұнд 50-ден астам жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауытты пайдалануға беру арқылы кәсіпорын 4000-нан астам жұмыс орнын ашпақ. Ал қазақстандықтарды жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ сапар аясында Серік Жұманғарин үлкен жоба бойынша жылдық 2,5% жеңілдікпен несие алған «БНК АГРО KZ» ЖШС сүт-тауар фермасы құрылысының барысымен, «Aqniet» жиһаз фабрикасының қызметімен және қызанақ зауытын салу жобасымен танысты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.