ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕ ЖЕТЕКШІСІ ЕКІ БІРДЕЙ КЕДЕН БЕКЕТТЕРІНДЕ БОЛДЫ

Бүгін Түркістан өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанынан құрылған Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Төлеген Байгулов Сарыағаш ауданына қарасты «Қазығұрт» және «Жібек жолы» кеден бекеттерінде болып, кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Мониторингтік топтың құрамында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапар Жантөреев, Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мен аталған кеден бекеттерінің басшылары, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Смайл Тасқұлов пен «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері болды.

Ең алдымен, «Қазығұрт» кеден бекетіне ат басын тіреген Төлеген Зейнешұлы бақылау-өткізу пунктінің бүгінгі жұмысымен жіті танысып шықты.

Кешенді жұмыстар барысында «Қазығұрт» кеден бекетінің басшысы Берік Мергенбаев әлемді алаңдатқан індеттің шекара арқылы енуіне жол бермеу мақсатында қатаң шаралар қолға алынып жатқанын баяндап, шекаралық өткізу пункттерінде дезинфекциялық жұмыстардың 2 сағат сайын жүргізілетінін және осы уақытта өткізу пункттері жабылып, аймақ тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.

Мұнан соң, Т.Байгулов «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысуға арнайы барды. Онда кеден бекетінің басшысы Үсіпбай Нұралы кеден бекеттері арқылы көрші елден келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын, жеңіл және ауыр жүк көліктері мен
автобус қатынастарының да шешімі табылғанын жеткізді.

Сондай-ақ, коронавирус індетімен күресу үшін кеден бекетінің өткізу пункттерінде тепловизорлық бейне-камералар мен қол өлшеуіштері бар инфрақызыл камералар орнатылғанын, олар дене температурасы көтерілген адамды 15 метр қашықтықтан табуға мүмкіндік беретінін айтты.

Республикалық кеңсе жетекшісі кеден бекеттерінде жүріп жатқан бүгінгі жұмыстарға оң баға беріп, жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстарын әріқарай жалғастыруға тілектестік білдірді.

Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан өңірінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар әріқарай өз жалғасын табатын болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.