ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМ ОРДАСЫ

Ұлттың рухани құндылықтарын сақтау, оны өскелең ұрпаққа мейлінше дәріптеу – аса маңызды міндет, перзенттік парызымыз. Өйткені рухани қуатын, ұлттық болмысын  сақтап қалған ел ғана жаһандық сын-қатерлер қаупі басым бүгінгі алмағайып заманда  өркениет көшінен кейін қалып қоймай, кемел келешекке, жарқын болашаққа нық қадам басатын болады.

Тәуелсіздік дәуірінде жасампаз жұртымыздың, «Мәңгілік ел» болуды мәңгілік мұрат көріп отырған мемлекетіміздің жеткен жемісті жетістіктері де, толағай табыстары да жетерлік. Мұны «Мәңгілік ел» идеясы аясында Болашағы Біртұтас Ұлтты сомдауға батыл кіріскен Қуатты Қазақстанымыздың бүгінгі бет-бейнесінен-ақ анық көруге болады.

«Байырғы ұлы бабаларымыздың ұрпағы ретінде, біреудің шайнап бергенін малдану бізге жараспайды. Сондықтан да өткенімізге, бүгініміз бен болашағымызға жалтақсыз жанар тіктейтін мезгіл жетті» деп Тұңғыш Президентіміз тәмсілдегендей, зар замандар мен талайлы кезеңдерді бастан кешіп, тәуелсіздік жолында талай тар кезеңдерден өткен халқымыздың, дана бабаларымыздың  арман-аңсарын өмір шындығына айналдыру, киелі тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтау баршамыздың қасиетті борышымыз болуы тиіс.

Шындығында өнеркәсібі тұралаған елдің, білім мен ғылымы биікке шықпаған жұрттың экономикасының қарыштап дамуы,  әлеуметтік хал-ахуалының түзеліп кетуі қиындау. Ал бұл маңызды  міндетті мінсіз жүзеге асыру үшін ең алдымен мемлекетіміздің ең басты байлығы – адами капитал сапасын арттыру аса маңызды.

Кезінде әдебиетіміздің классигі  Мұхтар Әуезов:« Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ,- деп ер қайратыңа мін дағы, өрге бас» деп өз  замандастарының намысын қайраса, Баубек Бұлқышев: «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке – Отан анасындай. Отанның дегенін істеу- қуаныш, мақтаныш» деп Отан ұғымының қаншалықты қастерлі   екенін ұғындыруға тырысып бағады.  Ал бүгінгі табыстарымызға байыппен тереңірек үңілер болсақ, патриотизм ұғымының ұлтты ұйыстырудағы маңызды ұстын-тірекке, басты темірқазыққа  айналып отырғанын аңғармау мүмкін емес. Тіпті Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев та өзінің қай Жолдауында, қайсыбір Үндеуінде болмасын жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың маңыздылығын басты назарға алып отырды. Сондықтан да азаттықтың ақ таңында қоғам сұранысына сай Елбасы тарапынан ұсынылған «ұлттық патриотизм», «жалпыұлттық патриотизм», «жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымдары бүгінде қоғамды алға тартар маңызды күшке, жетекші факторға айналды, өміршеңдік тапты  десек, ол артық айтқандық, ауа жайылғандық емес.

Өйткені осы жылдар бедерінде, яғни тәуелсіздік дәуірінде ұлттық бірегейліктің нақты үлгісі жасалып қана қойған жоқ, Болашағы Біртұтас Ұлтты сомдауға да зор мүмкіндік ашылды. Бұл жайында ертеректе Елбасымыз Н.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында да: « … қазақ халқы тәуелсіз дамуының тәжірибесін жинақтап, ұлттық нығаю жолында шыңдалып, бірегей этникалық санасын қайта түлетуі қажет. Өзінің төл қазақтық этникалық санасын ұштап, нығаюы керек. Бұл – күмән тудырмайтын табиғи жол », — деп атап көрсетіп, сол кезеңнен бері еліміздегі дінаралық диалог пен этносаралық татулыққа, ұлттар бірлігіне, бейбітшілік пен тұрақтылыққа   сызат түсірмеуге  бар қажыр-қайратын сарп етіп-ақ келеді.

Ал бұған «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесін табысты  өткізген, 2050 жылға қарай әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекттің қатарынан табылуға ұмтылып отырған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мәңгілік елді басты бағдар етіп, мызғымас идеологиялық тұғырынан айнымаған жас та жасампаз мемлекетіміздің жемісті жетістіктеріне қарап, бұл міндеттің де мінсіз атқарылатынына қалтқысыз сенуге болатындай. Сол себепті де бүгінгі дәуірлеу кезеңін бастан кешіп отырған Түркістан қаласында туристік индустрияны дамытудың да ел экономикасына берер пайдасы зор.

Президент рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып беріп отыр.Оның бірі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы анық. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея-болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Олай дейтініміз, ұлттық сананы күшейтуді көздейтін мұндай маңызды қадамдарға бару уақыт талабынан, қоғам қажеттілігінен туындап отыр.

Жалпы Тұңғыш Президентіміздің «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім»  т.б. жобаларының, «Ұлы даланың жеті қыры»,  «Туған елге» ұласатын «Туған жер» сияқты т.б. баянды бағдарламалардың ұлттық рухани құндылықтарымызға деген ықылас-құрметімізді одан әрі арттыра түсетініне күмән келтіре алмайсыз. Өйткені осы ұлт үшін аса маңызды қадамдар арқылы біз кейінгі толқынның көкірегіне үміт сәулесін жағып, кешегісіне құрметпен қарайтын, бүгінгісін бағамдап-бағалай білетін, болашағына зор сенім артатын ұжданды  ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізе аламыз.

Осы тұрғыдан келгенде өңіріміздегі киелі жерлер мен қасиетті орындарды өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, өңірдің ішкі туризмін көтерудің маңызы зор. Отан тарихын танудың ең алдымен өлке тарихын зерделеуден басталатыны да баршаға аян. Елбасымыздың «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» дейтіні содан. Бұл жерде біз өлке тарихының ұлт тарихының бір тармағы бола тұра толыққанды зерттеу нысанына айналмай отырғанын да айта кету керекпіз. Яғни бұл  мәселеде жаңаша көзқарас, жүйелі зерттеу, тың серпін керек екені анық болып тұр. Былайша айтқанда, туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық, саяси, тарихи және мәдени дамуын анықтауда өлкетану ғылымын өркендетудің берері көп екенін ұмытпауға тиіспіз.

Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің, географиясы» жобасының қолға алынуы өте құптарлық-ақ бастама.  Тіпті   күні кеше ғана жарық көрген «Ұлы  даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлт Көшбасшысы: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Сонымен қатар, жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады»,-деп ұлттық рухани құндылықтарымызды, әсіресе киелі орындарымызды  мейлінше дәріптеуге және сол арқылы ішкі туризмді өрістетуге баса мән беруге шақырғаны жадымызда.

Расында да біздің Түркістан облысы аумағында көне кесенелер, киелі орындар жетерлік. Бүгінде өңірімізде тарихи-мәдени маңызы бар 1281 ескерткіш есепке алынған болса, соның ішінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне 2003 жылы енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен басқа Жуантөбе, Қараспантөбе, Күлтөбе, Сидақ, т.б. тарихи жәдігерлерді де енгізу қолға алынуда.Түркістанды былай қойғанда, өңіріміздің аудан-ауылдарында да киелі орындар көп-ақ. Мәселен, Төлеби ауданында Бекасыл әулие, Дүзелбай-Данай, Жаныс баба, Көзді ата әулие секілді орындар бар.  Көзді ата   Төле би ауданы, Ақбастау ауылында. Өлке тарихын зерттеушілер Көзді ата  әулиенің  Ақбастау маңындағы үңгірдің алдына өз өсиеті бойынша жерленгенін айтады. Қазір де бұл орынға жанына шипа іздегендер  жиі келеді. Өйткені әулиенің өзі жарық дүниемен хош айтысарда ұрпағына аманаттап: «…Шын ниетімен келген пәнденің ниеті қабыл болады. Алладан жанарынан айырылғанға көз, әруақтан мешел болғанға аяқ,  бала  көтермеген әйел затына перзент сұрап беремін»,- деп айтып кеткен көрінеді. Дегенмен қазіргі таңда Көз ата бұлағының кемері бұрынғысынан әлдеқайда тартылып кеткен. Солай бола тұра  көнекөздер 104 жыл ғұмыр кешкен деп жүрген Көзді атаның, яғни  Сейіткерім қаридің бейітін халықтың әлі де кие тұтып, күмәнсіз сеніп, зиярат етіп келіп  жатқаны да жасырын емес.

Сонымен қатар бұл ауданда «Ғайып ерен, қырық шілтен» қасиетті орны да көпке белгілі.  Әңгір ата ауылының маңындағы осынау киелі жерде шұрық бастау, өңеш бастау және көз бастау атты үш бұлақ бар. Бірқатар зерттеушілер бұл орынның  ертеректе Шілтен ата деп аталғанын айтуда. Бұл тарапта олар «шіл» сөзінің  парсы тілінде «қырық» деген мағынаны беретіндігін де алға тартады. Яғни бұл әулиелі орын әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Осы  аудандағы Киелітас ауылы атауының  осы жердегі тастардың ерекшелігіне байланысты қойылған болса, Сұлтан Рабат елді мекені  кезінде шекаралық бекет болған.

Ал Қазығұрт ауданында, кеме қалған көне тау маңайында «Қазығұрт ата шоқысы», «Қазығұрт корасы», «Тесік тас», «Сырғыма су тас», «Тоқтама су», «Тобылғы беткей», «Алмалы қойнауы», «Доланалысай», «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Үңгірлі алқап», «Тамшы бастау», «Суық бұлақ», «Айна бұлақ», «Пайғамбар атының су ішкен жері» деген сияқгы тарихи орындар бар. Олар туралы ел аузында түрлі аңыздар айтылады.

Қазығұрт айналасында қасиетті саналатын орындар аса мол. Олардын қатарына Ақбура әулие, Тесік тас, Алып үңгір, Ордабектің бауы, Әңгір ата т.б. кіреді. Сондай-ақ Кеме калған мүйісінің етегінде, 5-6 шақырымдай жерде орналасқан кеуделерін биікке созып жатқан Ата тас пен Ана тас мүсіндерінің де керемет тарихи жәдігер екендігі де күмәнсіз.  Шындығында зиярат етудің де  сан ғасырдан бері қалыптасқан өзіндік дәстүр-қағидасы бар. Мысалы, Түркістанға зиярат етуге келіп жатқан кісілердің маршруты былай тізбектеледі: Шымкент – Шілтер Ата – Сайрам – Отырар – Арыстан баб – Түркістан.

Түйіндей айтқанда, рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтай отырып, өскелең ұрпақ бойына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру. Олай болса, осыны ескере отырып, өңіріміздегі қасиетті орындар мен киелі жерлерді насихаттау үдерісін жандандыру арқылы ішкі және сыртқы туризмді дамытуымыз керек. Яғни Тұңғыш Президентіміз атап көрсеткендей, «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында табиғи және мәдени нысандар, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, халық арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың кесенелері мен қорымдары мейлінше насихатталатын болады. Жалпы алғанда жастарымыздың ұлттық санасын киелі нысандар арқылы жаңғырту – ортақ міндетіміз. Түркістан облысында туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған тұжырымдама аясында туристік индустрияны зерттеу үдерісі жүріп жатыр. Нәтижесі де көп күттірмейтіні күмәнсіз. Сондықтан да киелі жерлердің рухани маңызы зор екендігін қашанда жадымызда ұстағанымыз дұрыс.

Б.Изенбаев,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың аға оқытушысы,

РҺD докторы.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.