ТҮРКІСТАН: ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынды жазушы,  кеңес төрағасы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Өңір зиялылары бас қосқан мәжілісте өңіоде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі талқыланды.  Сондай-ақ тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған  бағдарламасының орындалуы сөз болды.

Күн тәртібіндегі  мәселелер бойынша облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев  пен мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханның есептері тыңдалды. 

Жиында елге танымал өнер, мәдениет қайраткерлері мен қаламгерлер руханият саласындағы өзекті түйткілдерді айтты.  Ұсыныстарын жеткізді.

Қазақстанның халық әртісі, профессор, белгілі әнші Қажыбек Бекбосынов қазіргі таңда ән өнерінің мәртебесі түсіп бара жатқанын, шынайы әншілерді таңдау үшін аттестация жүргізу жөніндегі ұсынысын жеткізді. «Қазір биші де әнші, әртіс те әнші болып кетті. Бұрын тоқсан сайын арнайы комиссия біздің өнерімізді, репертуарымызды сүзгіден өткізетін. Ұлттық өнерімізді, музыкамызды сақтап қалу үшін облыста осындай бір істі қолға алу керек», – деді ардагер әнші.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры, журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлі әншілердің репертуары жұтаңданып кеткенін, сол үшін көркемдік кеңес қажет екенін мәлімдеді. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы шағынаудандар мен аялдамалар атын дұрыс айтып, дұрыс жазу керектігін айтты. «Коммунизм», «Жолдың асты» және басқа да ауызекі ескі атаулардан арылу жөн екеніне тоқталды.

Республикалық «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсенов облыс тарихынан, киелі әрі туристік орындарынан, қазақтың болмысы мен салт-дәстүрінен сыр шертетін танымдық сайт ашу жөніндегі ұсынысын айтты. Осы арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының насихаты артатынын мәлімдеген журналист өңірдегі киелі әрі тарихи орындар мен ескерткіштерді сақтау үшін партия жанынан комиссия құрылса деген ойын білдірді. «Бұрын Түркістанға жақын тұста балақорған, қызқорған деген қорғандар бар еді. Осындай қорғандардың тастарын құрылысқа пайдаланып жүргендерді көріп қынжылдық. Ескерткіштер қорғалуы керек» – деді ол.

Жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері Мархабат Байғұт ономастика саласындағы түйткілдерді тарқатты. Көшеге адамдардың атын беруден гөрі тарихи атауларды пайдалануды ұсынды. Республикаға танымал ақын, ел ағасы Қасымхан Бегманов  ұрпақ санасына салт-дәстүрді сіңіру бағытындағы жұмыстар күшейсе деген ұсынысын жеткізсе, ақын Айдар Сейдәзім өңірде қаламгерлер мен тарихшылардың, өлкетанушылардың кітабын шығару ісі саябырсып қалғанын мәселе етіп көтерді.

«Nur Otan»  партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев  «Мирас»  қоғамдық кеңесі қайта жасақталып, шынайы отаншыл азаматтар қатарға қосылғанын атап өтті. Кеңес мүшелерін руханият саласындағы мәселелерді ашық айтуға, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сонымен бірге ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жандандыру үшін 2020 жылға арнайы жоспар жасалуы тиіс екенін тілге тиек етті.

«Келесі жылы Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде атап өтіледі. Түркістан облысы қос тұлғаны ұлықтауда мазмұнды бастамаларымен өзгелерге үлгі болуы керек. «Nur Otan»  партиясы да руханиятты қолдауды негізгі міндеттерінің бірегейі деп есептейді. Бұл бағытта ұсыныстар мен тілектер ескеріліп, жұмыс жүргізіледі», – деді Б.Дәулетұлы.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.