ТҮРКІСТАНДА «АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІ МЕКТЕП КЛУБТАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ СЛЕТЫ ӨТТІ
Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының облыстық слеті өтті.
Жиынға облыстық білім беру ұйымының басшылары мен облыстың барлық 16 ауданынан келген 800-ден аса «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының мүшелері қатысты. Шараның мақсаты — жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелеу.
Жиында сөз сөйлеген Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев «Елдің ертеңі болашақ ұрпағымызды кішкентайынан отансүйгіштікке, білім мен еңбекке ұмтылуға, адалдыққа тәрбиелеу парызымыз. Бұл сезімдер біздің халқымызда ежелден бар қасиет. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір ұстаз балалар үшін лайықты үлгі болуға, нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесуі қажет» — деді.
Сондай-ақ, Ғ.Тұрсынбаев Білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отырған облыстық слетте барлық ұстаздарға оқушылардың бойына адалдық пен рухани байлықты дарытуда қосып жүрген еңбектері үшін алғыс білдіріп, балаларға адалдық пен мейірімділік және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруда ата-аналары мен ұстаздарынан тиісті үлгі алу керектігін шақырды.
Іс-шара барысында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары, яғни 16 аудан оқушылары арасында шеру, флешмоб, қолөнершілер көрмесі, шахмат ойыны, сурет салу және бейнеролик конкурсы өтіп, нәтижесімен жеңімпаздар анықталып, оларға сыйлықтар мен граммоталар тапсырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі