ТҮРКІСТАНҒА ТАРТУ

Қазіргі күнде Түркістанды рухани астанаға айналдыру үдерісі жүріп жатыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі де түбі бір түркі әлемімен етене араласып, кемел ел болу. Сондықтан да қалада, аудан-ауылдарда рухани саланы дамытуға көп көңіл бөлінуде.

Қазығұрт ауданында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Түркістанға тарту» жобасы жүзеге асты. Осынау өнер керуенінің алғашқы іс-шарасын өткізуге Қазығұрт ауданы әкімдігі қолдау көрсетті. Бұл өнер керуенінің көздегені – айтыс және жазба ақындарды, дәстүрлі әншілер мен термешілерді, жыршылар мен күйшілерді, қаламгерлерді елмен жүздестіру, рухани кештер өткізу болып табылады. Партия филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, өнер иелерінің өрісін кеңейту, жалпы жұртқа насихаттауда жеткен жетістіктеріміз де көп. Айталық «Түркістанға тарту» өнер керуені қасиетті Қазығұрт ауданынан басталып, белгілі өнерпаздар мен партия өкілдері Жаңабазар ауылындағы қымызханаға ат басын бұрып, аудан ақсақалдарымен пікірлесті. Өңір руханиятын қолдау жайы талқыланған басқосуда ел ағалары жастарға баталарын берсе, өнерпаздар әннен шашу шашып, ақындар арнауларын оқып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.

Онан соң өнер керуені Қазығұрт аудандық мәдениет үйінде жалғасып, өнер кешінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары К.Жантөреева «Түркістанға тарту» жобасының ұлттық өнерді қолдауға, ел руханиятын биік деңгейге көтеруге айтарлықтай ықпал ететінін айтты. Бұл жоба келесі жылы бүкіл облысты қамтып, шалғайдағы елді мекендер де таланттылармен жүздесіп, ең бастысы, ел ішіндегі дарынды жастарды қолдау жалғаса бермек. Өйткені рухани жаңғыру жолындағы Түркістан облысындағы өнер мен мәдениетке қолдау бүгінмен бітпейді.

Қазығұрттағы осы емен-жарқын жүздесуде ақын Ақмарал Леубаева сахнаға шығып, бірлікті, отаншылдықты жыр етсе,  Бөрібай Оразымбетов пен Кәрима Оралованың айтысын да киелі аймақ жұрты жылы қабылдады.  Одан бөлек, облыстық филармония әншілері, жас ақындар А.Сейдәзім мен М.Кенжетайұлы да өз өнерлерін ортаға салды. Қазығұрт ауданының өнерпаздары да шет қалмай, өнер кешін жандандырып жіберді.

Ал Кентау қаласында «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев қатысып:

«Біздің алдымызда ұлттық бірлігімізді, байтақ жерімізді, азаттығымызды мәңгі сақтап қалу міндеті тұр. Осы ұлы миссия жолында бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы тапсырмасымен «Nur Otan» партиясында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Партия қатарына елдік мүддеге жұмыс істейтін шынайы патриот адамдарды тартуға басымдық беріп жатырмыз. Ал патриотизм адалдықпен, еңбекпен, руханиятпен үндессе ғана мәнді болмақ», -деді.

Сондай-ақ ол өз кезегінде елге еңбегі сіңген бір топ азаматқа партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар еңбегімен дараланғандар да марапатсыз қалмай, Құрмет грамотасын иеленді. Одан бөлек Кентау қаласында өткен іс-шарада  «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған «Желтоқсан оқылымдары» жас ақындар мүшәйрасының жүлдегерлері марапатталды. Яғни  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенті Дәурен Тілеухан 1-орынға ие болса, 2-орын Мейір Оразғалиға, 3-орын  Нұрман Бақнұрға  бұйырды. Сондай-ақ 10 ақынға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Әсіресе, жас буын арасынан Жетісай, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласының жастары ерекше көзге түскенін де айта кетейік. Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, қаланы ән мен күйге бөледі.

Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті және облыстық адами әлеуетті дамыту басқар-масымен бірлесіп ұйымдастырған «Парасатты отбасы» байқауы да өз мәресіне жетіп, сайыста департаменттің превенция басқармасының басшысы Ғ.Жүндібаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы А.Биболова, Кентау қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Т.Садуов, жеке кәсіпкер Б.Курбаналиева және ата-аналар комитетінің төрағасы Д.Карамырзаев қазылық етті.

Негізінен отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мәртебесін жоғарылату, отбасылық құндылықтарды сақтауды көздейтін байқау сәтті өтті. Жалпы өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген 5 отбасының өнеріне көрермен қауым да тәнті болып, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Сайысқа қатысушы жанұялар алдымен өз отбасы мүшелерінің оқудағы және спорттағы жетістіктерін, өнерлерін дәріптейтін бейнеролик көрсетіп, онан соң салт-дәстүр, отбасы құндылықтары, парасаттылық қағидаттары бойынша қойылған сауалдарға мүдірмей жауап берді.

Байқау нәтижесінде 1-орынға Ордабасы ауданынан Алдабергеновтер отбасы, 2-орынға Түркістан қаласынан Шакировтар отбасы, ал үшінші орынды Арыс қаласынан келген Орынбасаровтар отбасы лайық деп шешілді.

Сонымен қатар, Шардара ауданынан келген Мұқашевтар отбасы «Өнегелі отбасы», ал Түлкібас ауданына келген Қошқарбаевтар отбасына «Шығармашыл отбасы» ынталандыру сыйлықтарын иеленді.

Байқау соңында департамент өкілі Ғ.Жүндібаев адам өмірінде отбасының орны бөлек екендігін, «Отанның отбасынан басталатынын» айтып, өскелең ұрпақтың өз жанұясының мақтанышы, елінің елеулі азаматы болып өсе беруіне тілектестігін білдірді. Мұндай іс-шаралар өңіріміздің түпкір-түпкірінде ұдайы ұйымдастырылуда.

Ұ.ӨСКЕН.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.