Уақытша тіркеуге тұрмағандарға жаппай айыппұл салынбақ
Уақытша тіркеуге тұрмағандар бір айдан соң айыппұл төлейді деп хабарлайды nur.kz сайты. Құқық қорғау органдары жұртшылыққа тағы да ескертіп жатыр.
Енді жаңа заң бойынша басқа жерге айдан аса сапарлаған адам 10 күн ішінде уақытша тіркеуге тұруға міндетті. Әйтпесе, 7 айлық есептік көрсеткіш, яғни 16 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Бір жылда екінші рет тіркеусіз ұсталса, 30 мың теңге төлейді. Бұл Үкімет қаулысы тек 16 жасқа толмағандарға, денсаулық жағдайына байланысты емделіп жатқандарға және вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге ғана жүрмейді. Ал уақытша тіркеуге 1 айдан 1 жылға дейін тұруға болады. Бірақ, одан көп мерзімге келгендер тиісті құжаттарын көрсеткен жағдайда уақытын 4 жылға дейін ұзарта алады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бөлек, ғаламтор арқылы тікелуге де мүмкіндіктер бар. Айта кетерлігі, азаматтардың тіркеусіз жүрген уақытын анықтау тетіктері заңда сол күйі нақтыланбаған.