ҰЙЫҚТАП ЖҮРІП, ҰРПАҚТЫҢ АЛДЫНДА…

Күн қысқарған заманның жаһандану жалыны шарпып жатқанына қарамай есімізді жиып, етегімізді жабуға асығар емеспіз. Жаратушы иеміз қазақ еліне шапағатын тигізгенін өмір қуанышы ете білсек те, мына елдің, оның өскелең ұрпағының болашағын ойлауға келгенде бір немқұрайлылықтың барлығын сезбегенсіп жүрміз. Біз өте бай елміз. Құдірет иесі қазаққа несібені де берекесімен берген. Барды қадірлеудің орнына, ұлы ақынның “Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын” дегенінің керін келтірдік. Осындай ұлан-ғайыр жерде, өлшеусіз табиғи байлықтың үстінде отырып, 18 миллион адам істеуге жұмыс таба алмай отыр дегенге санасында саңылауы бар адам сене қоя ма?

Осы күндері өзін “данышпанға” есептейтін таяз ойлы біреулер “Қазақстаннан бір жылдың ішінде жұмыссыз жүрген 40 мыңға жуық жас шетел асып кетті” деп ел билігінің “жонынан таспа тілуге” құлшынып жатады. Сол “қуыс кеуделер” елімізге көрші елдерден жүздеген мың адам келіп, жұмыс істеп, елдеріне миллиардтаған теңгемізді алып кететінін білмей қалып па? Сол “ойсыз соқырлар” қазақ елінің қой бағатын адамға зар болып, трактордың рөліне отырғызатын адам таппай отырғанын және құрылысшы өзге ұлт өкілдеріне қазақтың тапқан-таянғанын сыпырып беретінін көрмей отыр  ма? Қазір Шымкентте тамақ өнімдерін өңдіру саласының 80-90 пайызын өзбек ұлтының өкілдері ұстайды. Қазақтың қыз-келіншектері нан жауып, тамақ істеген жоқ па еді? Болған, тек қазір маңдай тер төгуден гөрі, жеңіл еңбекті қиялдап кетті қазақ.

Жуырда еліміздің телеарналары Біріккен Араб Әмірлігінен қарасаң көз тоймас қазақтың 135 аруын арнайы ұшақпен әкелгенін әспеттеп жариялады. Олар араб еліне жаңа технологияны үйретуге барған қазақтың ғалым қыздары ма екен? Әлде, нарық экономикасының білгірлері осылар болғаны ма? Ал, одан кейін Ұлыбританиядан әкелінген 170-ке жуық жастың ішінде “Болашақтың” студенттері бар екені айтылды. Студент болса, азын-аулақ бар шығар, ал қазақ қыздарының немен айналысқанын жұртшылық сен айтпай-ақ біледі.

Коронавирус дерті шыққан кезде Уханьнан 200-ден астам жас елге әкелінді. Бұл қала – әлемге сауда-саттығымен белгілі қала. Сонда өз адамдарына жұмыс тауып бере алмаған Қытай қазақтың сатушы қызына зәру болып па? Бұл ғылым мен білімнің орталығы болып аты шыққан қала емес. Сонда жүздеген қазақ қызы не іздеп барды? Оны ішіңіз біліп отыр.

Қазақтың ірі ақынының бірі “Мен қазақтың қызына қайран қалам” деп сөйлегенде ұрпағым дүниенің төрт бұрышына қаңғырып кетеді демеген болса керек.

Ұлттық құндылығымыздан айырылып, осы күйге түскеніміз үшін күндердің-күнінде ұрпақ алдында не деп ақталар екенбіз?

Капитал қоғамында “Ақшаның” бірінші орында тұратыны делқұлыға да түсінікті. Ұлт болып жер бетінде қалу – әр ұлттың өз “проблемасы”. Біздер сан мың жылдардан бері қалыптасқан ұлттық құндылығымызды жоғалтпағанда, мына жаһанданудың “ойыншығы” бола қоймас едік.

Тәуелсіздік алдық, пендеге еркіндік тиді дейміз. Азаттықтың қадірін біліп, ұлы бабалар қалдырған құндылықты қастерлеу орнына, тозып бара жатқан Батыстың “жалаңпұт” демократиясының торына түстік.

Қазір еліміздегі отау құрған жастардың 40 пайызы ажырасып жатыр. Намыстану дегеннен, ар-ұят дегеннен аулақтап кетті. Түрме салынбаған қазақтың қасиетті жерінде қазір аяулы да нәзік жандылар түрмені толтыра түсуде. “Ұлттық идеология қалыптаспағандықтан, ұлттық құндылығымыздан айырылдық” деп күңіренетіндер табылады. Ұлттық құндылықты сақтау – ұлтын сүйген әр адамның өмір тынысы. Мемлекеттік мекеме сол үшін қызмет етуі керек деген қисынға келе бермес түсінік. Капитал қоғамында ол сөзбұйда қызмет ғана атқарады.

Рухани азғындаудың елімізде қаншалықты етек жайғанына адами намыс көзімен қарай алмаймыз. Рухани жаңғыру елімізде салиқалы сөз етілгенімен, оған бүкілхалықтық  қолдау көрсете алмастан, көзбайлау іс-шаралармен айналысып кеттік. Қазақтың адалынан туған ұлтжанды перзенттеріне күш-қуат берсін дейік.

 Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Сурет әлеуметтік желіден алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.