ҰЛТ.РУХ.АМАНАТ

Сәкен Иманасов

Шындық жүрген жерде үрейге орын болмауға тиіс

Мемлекет, үкімет басқару, облыс әкімі болу қолымнан келе қоймайтынына күмәнім жоқ. Бірақ не бірдемені бүлдірмейтін, не берекелі ештеме тындырмайтын әлдебіреулердің «айналып-айналып Қособаға қайтып келеді» кейпімен ұдайы билік маңынан ұзамай, билік маңынан ұзамай, ірі-ірі лауазым атаулыны жиі ауыстырып жататындарына да таңқалам.

*   *   *

Жер-су аттарын өзгерткенде екі түрлі тенденция басым болып барады. Бірі – Қабанбай, Қарасай, Қазыбек секілді тарихта бір-бір тау болып қалған адамдарға өздері туған жердің атын аударып беріп жатырмыз. Апыр-ау, ол киелі адамдар да сол жердің перзенті, тіпті ең қастерлісі, ең ұлы перзенті шығар, бірақ туған жерінен биік емес қой, келесі бір ғасырда бұлардан асқан батыр, би туа қалса, қайта ауыстырып жатамыз ба?

*   *   *

Екіншіден, қазір қолда пұлы бар азаматтар ақшасын шаша жүріп марқұм атасының, әкесі мен нағашысының атын ауылға, көшеге, мектептерге бергізіп-ақ жатыр. Оған мысалды әр аудан, әр ауылдан табасың. Қысыласың, күйінесің. Қолыңда билігің жоқ – тыйым сала алмайсың. Оның үстіне бірдеме дей қалсаң, сені тіпті «қызғанып отыр» деп, көк есекке мінгізіп жіберуден де тайынбайды жұрт.

*   *   *

Қазір қай газетті ашып оқи қалсаң да қазақ қыздарының бұзылып бара жатқанын айтып сөгіп, кейбіреулер балағаттауға дейін жақындап қалып жүр. Тәнін сатты, жанын сатты дейді, ұлттық намысымызды аяққа басты, ана деген ардақты атты қорлады дейді. Солайы солай да шығар. Бірақ бір сәт әйелді биіктететін де, төмендететін де, қорлайтын да, қорғайтын да еркектер болуы керек екенін, бұған дейін солай болып келгенін, енді неғып солай болмай қалғанын еркектер де неге ойламайды? Қызметке 30 жасқа дейінгі, кейде 25-ке дейінгі әйелдер алынады деген хабарландырудың астарынан өзін қорлауды сезбейтін әйел, әй, бола қояр ма екен? Бұл, меніңше, Абай мен Саин көшесінің бойындағы жағдайдан да жантүршіктірерлік.

*   *   *

Ой мен сөз, сөз бен іс бір жерден шықпаған жердегі екіжүзділікке де келе-келе кісінің еті үйреніп кететін болуы керек деп ойлаймын. Шыныңды сарқып айта алмаған соң, оны бүркемелеп, амалын тауып айналып өтуге тырысасың, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін біле тұра ойыңды бүгіп, «әрі өтірік, әрі шынды»төңіректеуге мәжбүр боласың. Мұның ақыры көлгірсуге апарып соғады да, өзіңнің де көпе-көрнеу бәтуасыз біреуге айналғаныңды білмей де қаласың ба деймін.

*   *   *

Сөйте келе ұлдан ұят, қыздан қылық қашып, кәрияңда қадір қалмаған заманға қалай ғана тап болғаныңды өзің де сезбейсің. Айналаның бәріне ашық аран, жыра тарт, пәлеқор, жалақор, парақорлар қалай ғана қаптап кеткен деп таңырқайсың.

*   *   *

Ұят жоғалған жерде арамдық, аярлық, арсыздық, айлакерлік атаулы құмырсқадай қаптай өріп шыға келетіні, бірте-бірте бел алып, берік орын тебетіні белгілі. Содан барып «бер» десең – бедірейіп, «ал» десең – жадырайтындар көбейеді. Ар мен ұят олқы соғып, баға-құны азайған сайын көңілдің өзі де кедейлене түседі, ал кедейленген көңіл орнын енді қайтіп еш нәрсемен толтыра да, байыта да алмасың және белгілі.

*   *   *

Бүгінгі «билер» тура сөйлеп, түгел айтып дағдыланбаған, замана ағымын аңдумен күн кешіп емес, күн өткізіп келе жатқандар. Олар қайткенде де жауырды жаба тоқып, бет бүркеп, ішкі қыжыл-ызасын бүге жасырып, қате басқанын қастерге, қапы кеткенін қасиетке балап үйренгендер, не солай көрінуге барын салып-ақ бағатындар. Жұрт көзіне құдай дескен игі жақсының бірі болып көрінуге, мінезге бай таза жүрек кісі кейпінде қалуға, тәрбиелі, тәлімді, азамат аталуға барын сала жанталасып жүргендерімен, әр әрекет-қылығын былайғы ел көрмей, білмей отырған жоқ. Оны ойлап бас қатырып та жатпайды.

*   *   *

Ұятсыздық, бетсіздік, тексіздік атаулының қоғамға тигізер залалын ешкім әлі безбенмен өлшеп, шотқа салып есептеп көрген емес. Экономика саласындағы ұятсыздар тарапынан кеткен қатені әйтеуір бір түзетіп, күндердің күнінде аздап та болса орнын толтырудың мүмкіндігі табылар, ал мәдени һәм рухани салада кеткен қателіктердің орнын толтыру, меніңше, әсте мүмкін емес. Анығырақ айтсақ мәдени жағынан тұралап қалған елдің экономикада да ілгері жылжи қоюы, әй қайдам, екіталай шаруа шығар-ау!

Ар, кісілік,ана сүтіндей тазалық – міне, әр адам өз денсаулығымен қоса алдымен бетке ұстар категориялар да ең алдымен осылар болуы керек, өйткені арсыз, имансыз, тәрбиесіз тәйтік адамды адам деудің өзіне аузың бара қоймайды.

*   *   *

Ардан гөрі атақты, абыройдан гөрі ақшаны көбірек пір тұтқандар этикалық норма дегенге пысқырып та қарамайтын болып барады. Олар сол әлгі мәнсапты ғана бақ санап, лауазымды ғана мұратқа балап үйренгендер.

Кісілік бейнеден айырылып, басшының алдында қоғаша майысып, доғаша иіліп табақ жалаудан табан жалауға дейін құлдырап, жалыныштыдан жағынышты пендеге айналған құлкеуделерден қандай ғана ар, нендей ұят күтпексің? Олар ар-ұятты аз күндік атаққа айырбастап жібергендер. Оларды да кейде түсінуге болар. Бірақ, ақтауға болмас.

*   *   *

Бұл ретте, тағы да Абай айтқандай, егер әмір-билік менің қолымда болса, үлкен-кіші лауазым иелерінің арсыздық демеген күнде де, аярлық, айлакерлік, алдау мен арбаудың, екіжүзділіктің қандай түрімен болса да «ауырып», өз атына азды-кем кір келтіріп, лауазымына дақ түсіріп алған, ар-ұят атаулыдан айырылып, сол арқылы өзіне қараған жұрт сенімінен біржола марқұм қалған адамды мемлекет қызметінде бір күн де ұстамауға үкім етер едім. «Мен бұған өз басымның пайдасы үшін емес, мемлекет мүддесі үшін барып отырмын», — деп байбалам салар аярларды да қосып, оларды ел басқару ісіне енді қайтып жолатпаудың амалын ойлап табар ем… Амал қанша!.. Ондай билік бұйырмай тұр.

*   *   *

Кімнен қорқып, неден үркектейміз? Шындықты айтуға келгенде күлтектеп, көпе-көрнеу көлгірсуге көшетінміз неліктен осы?

Шындық жүрген жерде үрейге орын болмауға тиіс еді ғой. Өйткені ол екеуінің басы бірікпейтін ұғым емес пе? Қорықсақ, қысылсақ, тек қана өзіміздің былғаныш ниетімізден, өресіз ойымыздан, жетесіз жігерімізден қорқуымыз керек қой. Жора-жолдас, ағайын алдындағы бет-беделімізге дақ түсіруден, ел-жұрт, Отан алдындағы парыздың толық өтелмей жатуынан ғана қорқуымыз керек.

*   *   *

Әрине, қоғамды жегі құрттай жайлап алған жалғандық атаулы бірден құрып, жамандық атаулы бірден шіріп біте қояр деген оптимистік ойдан әзірге аулақпыз. Сөйте тұра адамды айуаннан айырып тұрған ар мен ұят дейтін бар еді, солар біржола ізім-ғайым жоғалып кетпесе екен, ең құрығанда бүгінгі рухани жүдеулік кезінде көңілге сол да медеу болар еді-ау деп ойлайсың. Ар алдында өзіңді дар алдында тұрғандай сезінетін бірсөзділік, бірлебізділік деген болушы еді. Періште болып жаралмасақ та біразымызға пейіштен күдер үздіре қоймай келе жатқан да сондай асыл ұғымдар еді ғой. Адам бойын әп-сәтте жиғызар, сана атаулыны бір қауызға сыйғызар тірлік заңы бар иманды қоғамға сонда ғана қадам баса алар едік-ау деген ойға ойыса берем өз басым.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.