ҰЛТ. РУХ.ҚАЛАМГЕР.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы:

 Қазақ жерінде исі қазақтың бөлінбеген еншісі бар. Ол бөлінбейді, ешқашан да, қандай бір билік тұсында да бөлшектеуге келмейді! Қанын да, жанын да аямаған мың-мыңдаған батыр бабаларымыз бен аталарымыз, әжелеріміз бен апаларымыз осыны ұран еткен, баласының баласына ғана емес, жетпіс жеті ұрпағына, Алла жалғастыратын одан кейінгі тұқым-тұқиянының бәрі-бәріне ұлағаттап кеткен. Қасиеті қашқан, қаны бұзылған, пиғыл-пайымы арлы қазаққа, намысты қазаққа қабысып, жанаспайтын әлдекімдер болмаса, үзілмей келе жатқан бұл өрелі өсиетті ұмытуға тиіс емес!
* * *
Біздің Кеңес үкіметі жетпіс жыл бойы жеңе алмаған қазақы рухымыз, соңғы жиырма жылдың ішінде сырттан әрі іштен әсер еткен әр түрлі ағымдар салдарынан әлсіреген сияқты.
* * *
Біз көпұлтты мемлекет деген саясаттың жетегінде кетіп бара жатқан секілдіміз. Көпдінділік деген ұғым-түсінікке де кең орын бөліп, оның да қоғамдық өмірдегі орнын дәстүрлі діннен бөле-жара қарайтын сияқтымыз. Міне, осындай мәселелер қазіргі қазақ мәселесі демегенде, не дейміз?! Қай кезең, қай уақытта да халықтар теңдігі сая¬саты өзге ұлттарды, яғни, диаспораларды жергілікті ұлттардан жоғары қою болмаса керек.
* * *
Менiң өкiнiшiмнiң үлкенi – бiз Желтоқсан көтерiлiсi қаһармандарының қайталанбайтын ұлы ерлiгiн жас ұрпақты ұлтжандылық, отаншылдық, мемлекетшiлдiк рухында тәрбиелей¬тiн мектепке айналдыра алмадық. Тамыры әрiге кеткен осы кемшiлiктiң салдарынан мақтанышымыз болуға тиiстi Желтоқсан көтерiлiсi күнi бүгiнге дейiн өз деңгейiнде насихатталып, аталып өткен емес.
* * *
Кезінде қазағының санының еселеп өсуіне, қаласы мен даласының гүлденіп, көркеюіне аянып қалмаған, қасиетті қазақ жерінің тұтастығын бір сәт те көкейінен кетірмеген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қандай күй кешті?
Халықта кінә жоқ. Ол кісі қызметте отырған кезінде де, зейнеткерлікке шыққан соң да, Қазақстанның қай қиырына бармасын, зор құрмет-сыйға ие болды. Ел құшақ жая қарсы алды. Әр бұрыш, әр көшеде қаздай тізілген қызыл жағалылар мүлде көрінбейтін. Қару ұстаған бірде-бір күзетті көзіміз шалмайтын. Қай шаңыраққа да емін-еркін енеді, берген дәмінен тартынбайды. Кетіп бара жатқан жолында қой қайырған шопанды көрсе, көлігін тоқтатып, сыртқа шығып сәлем береді, жай-күйін, бала-шағасын сұрайды. Демекең сөйтіп кең байтақ қазақ даласын шарлап жүріп, сол заманның сөзімен айтқанда, «Отан қоймасына» әрбір екі жыл сайын миллиард пұл астық тапсыртумен болды.
Димекеңнің кемеңгерлігін дүйім ел біледі. Димекең атамыз өстіп елді қалай басқарудың, таза болып өтудің, халыққа қайтіп қалтқысыз қызмет жасап, құрметті болып, қара жердің қойнына енудің эталоны болып жадымызда қалды.
* * *
Еліміздің ертеңі, өркені ұшін, жер үшін, тіл үшін, қазақ халқының мерейі үшін өлдік-талдық па дегенде әзер жеткен тәуелсіздігімізді қолдан сусытып алмайық деп, жүрек әміріне жүгінген ардақты азаматтарымызды жер қылатын кер заманда күн кешудеміз. Ерлік бағаланбай, ұрлық-қарлық жасағандардың, ел байлығын тонап, халық қаржысын қымқырған қандықол қылмыскерлердің жеңіс туы желбіреп тұрған дәуір бұл.
* * *
7. Иә, билік ашынған елмен ашық әңгімеден қашады, бетпе-бет келуден қорқады. Өйткені бейберекет ісімізді әшкерелейді, бетімізді осқылап, тырнайды дейді. Халық – бір жақта, сол халыққа қорған болуға тиісті олар екінші қиырда күн кешуде, айнала-төңіректеріне қытай қорғанын құрған билік пен екі ара ашылған үстіне ашылып барады.
* * *
Билікке Машкевич пен Шодиев, Ким… сияқтылар керек. Сыбайласқан, ауыз жаласқан жемқорлар керек… Елдің ен байлығын әкесінің мүлкіндей бөлісіп, арандары ашылған қорқауларды көрсе де көрмейтін, көру құқынан айырылған тергеуші, сот, прокурорлар керек… Қара халықты тұншықтырып, езгіде ұстайтындар, сол жолда ұлтын да, ұятын да ұмытатынсұмпайылар керек… Қазақты тілінен, дінінен, рухынан, елінен, жерінен айырып, сорлатын жатса да, билікті майын тамызып мақтайтын сәймөңке жағымпаздар, жарапазаншылар керек… Осы керектердің ішіне халықтың есебінен байыған, қымқырған мол ақшаларын шетелге асырғандардың бәрі-бәрі керек…
* * *
Бізде жемқорлық өмір сүрудің салтына айналып кеткелі қашан! Ақша беріп – оқуға түседі, ақша беріп – жұмысқа тұрады. Ақша беріп қызметке тұрған адам пара алмайды дейсің бе? Бұл – дерт, бұл – індет. Бұған халық ашынғалы қашан!.. Халықтың ашуын басу үшін және онымен өздерінің де жан аямай күресіп жатқан кейіптерін таныту үшін сәл қиыс басқан жоғары шенділерді парақор деп ұстаған болады. Бұл, меніңше, көзбояушылықтан басқа ештеңе емес! Себебі сол ұсталғандардың дені артынша бостандыққа шығып жатады.
* * *
Әйелдің ең басты міндеті – әйел болу. Ерінің көмекшісі бола білген әйел, елінің де жоғын жоқтап, мұңын мұңдай біледі, қамқоршысы бола алады. Бірақ біздің қоғамда әйел қауымы біз күткендей деңгейден көріне алды ма?
Меніңше, жоқ. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Бірақ көп жағдайда, арақ ішіп, темекі тартып, жеңіл жүріске салынып, бір-бірімен жұлысып жататын нәзік жандар баршылық. Олар отбасында қандай өнеге көрсете алады, қаншалықты беделді болады? Бұл – басты мәселе. Гендерлік саясат дұрыс шығар. Бірақ әйел ана екенін, дүниеге бала әкелетін, ұрпақ жалғастыратынын ұмыт¬пағаны жөн.
* * *
Мен білім саласындағы реформалардың өзіне реформа жасау керек дер едім. Қазіргі министрлер өздері білмейтін нәрселерді білім саласына тықпалауда. Қажет пе, қажет емес пе, оны саралап жатқан олар жоқ. Кезінде Кеңестік оқу жүйесін әлем мойындаған еді. Жан-жақты білім алып шығатынсың. Сол даяр жүйені келді де бұзды. Әрине заманға лайық қажетті бағдарламаларды қосуға болар. Бірақ түбегейлі өзгертуге болмайды ғой. 99 оқулық жазудың қажеті бар ма? Қазіргі оқулықтар тым күрделі. Жас жеткіншек тұрмақ, үлкендердің түсінуі қиын. Сондықтан министрлердің білім саласында түрлі реформа жасай беруіне шек қойған жөн болар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.