«Visit Shymkent» пен қаланы туристік орталыққа айналдыру
Шымкенттің оң имиджін қалыптастыру жолында бүгінге дейін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қаланы туристік орталыққа айналдыруда әлі де көптеген жобалар қажет. Елбасы Н.Назарбаев Түркістанға келген кезекті сапарында 2025 жылға дейін еліміздің оңтүстік өңіріне келетін туристердің саны үш есеге өсетінін айтқан еді. Түркістан жаңа келбетімен көпшіліктің назарын өзіне аударып отыр. Рухани астанамызға келген туристерді шырайлы шаһарға да тартуымыз керек. Бір айта кетерлігі, қаламыздың туристік маңызы зор, инфрақұрылымы дамыған. Әрі ол Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі орталық. Қаланың 500 шақырым радиусында шамамен 20 миллионға жуық адам тұрады. Осы орайда, Шымкент өзінің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірінің туризмі үшін тірек орталыққа айнала алады. Ақпараттық орталық Елбасының бұл айтылған сөзін челлендж ретінде қабыл алып, «қалай туристерді өзімізде ұстап қаламыз» деген сұрақтың жауабын іздеуге кірісті. Жыл басында қала әкімінің қатысуымен ашылған орталықтың жетістіктері аз емес.
Қаламыздың туристік әлеуетін арттыру үшін біздің туристік кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Ең алдымен тазалыққа назар аударса дейміз. Өйткені ең көп айтылатын мәселе – тазалық. Қауіпсіздік екінші орында тұр. Кейінгі мәселе ол жалдамалы пәтерлерді салық төлеуге міндеттеу. Сол арқылы келіп жатқан туристер жайлы ақпарат алып отыруды көздейміз. Туристерді арзаншылықпен шақыра алмаймыз. Шаһардағы жайлылық пен меймандостығымыз арқылы тарта аламыз. Бізде көрсетуге тұрарлық һәм мақтан ететін жерлеріміз бар. Алайда қанша жерден ауқымды жобалар жасалғанымен халықтың мәдениеті соған сай дамымаса, оның бәрі бекер. Шымкентте биыл алғаш рет шахматтан ұлттық ел чемпионаты өтті. Қаламыз еліміздегі туристер баруға ұсынылатын топ-10-ға енді. Дегенмен ақпараттық насихат ақсап тұр. Шымкент жайлы интернет желісінен миллион төңірегінде ғана сұрау болса, қазір бұл көрсеткіш едәуір артқан. Visit-shymkent.kz порталы көмегімен насихат жұмыстары жалғасуда. Қоғам және әлеуметтік желі белсенділері арқылы да қаладағы барып көруге тұратын 10 туристік нысанды ұсынып жатырмыз. Ол нысандарды барлық қала тұрғыны білуге міндетті, деп хабарлайды qazaqjoly.kz.