Ырыс-несібеміз ортаймасын, құрметті оқырман!
Көктем, Наурыз, Думан деген кезде көз алдымызға дала халқының шат-шадыман келбеті елестейтіні рас. Ауыл іргесіндегі көкмайса қырға кілем төсеп, әйел-аналар арнайы көже жасап, қыз-келіншектер дастарханды түрлі дәмдермен құлпыртып, өнерпаздар ауыл аспанын әуелеген әнмен тербетіп, боз кілем үстінде күш сынасқан балуандар мен ат құлағында ойнайтын шабандоздар дала төсін дүбірге бөлеп, жастар жағы алтыбақан теуіп, мәре-сәре болып жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қандай керемет! Пейілі даласындай кең, арманы таудай биік думаншыл елдің жаны да табиғат анамен тең, егіз ұғымдай сезілетіні содан болса керек.
Ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын біздің «Қазақстан жолы» газетінің шығармашылық ұжымына да бұл мереке ерекше ыстық. Қазақтың қасиетті салт-дәстүрін дәріптеп, әдет-ғұрыптарын насихаттау жолында аянбай жұмыс жасап жатқанымыз қалың оқырманға белгілі. Газетіміздің маңдайына ұлы билеріміздің сөзін бағдаршам етіп, даналардан қалған сөздерді үздіксіз жариялап келе жатқан біз алдағы уақытта да осы бағытымызды берік ұстанатын боламыз. Ұлыстың Ұлы күні айтқан тілектеріміз қабыл болғай! Осы жолда бізбен бірге болып, тұрақты оқырман ретінде қолдау білдіріп келе жатқан қалың оқырманды қасиетті мерекемен құттықтаймыз!
Сіздерге шын жүректен бақып пен құт-береке, бейбіт өмір тілейміз! Барлық игілікті істер табыспен аяқталып, жемісті еңбек тек қана қуаныш әкелсін!
«Қазақстан жолы» газетінің ұжымы
Фото: АятӘсетұлы.