Зайда ЕЛҒОНДИНОВА: Жырларымда заман шындығы
Бұқар жырау бұл күнде бұғады үнсіз,
Ел алдында Махамбет шығады үнсіз.
Қорқыт ата ажалдан қорықпайды,
Асанқайғы күледі шүбә, мұңсыз.
Күллі әлемді жарылқап жатыр бүгін,
Қарт Каспийден атқыған қара мұнай.
Шонжар біткен бермейді жанға тыным,
Сатып алды жартысын Алматының.
Кедей біткен қалтырап көшеде жүр,
Шекпеніне жармасып Алласының…
Көне Алматы бұл күнде түтіндеген,
Шешек шыққан ханшадай күтінбеген.
Жаңа ғасыр қазаққа не әкелді,
Өзгелердің керуенін бүтіндеген?!
Қара бала – базарда қара малай,
Бұлшық еті бұтылдап, жарағаны-ай.
Атсыз арба… жегірген қазақ жігіт,
Жалт-жұлт етіп жанары қарағаны-ай.
***
Базар толған қытайдың жүн-жұрқасы,
Дарабоз тұр қол жайып, кір-кір басы.
Қобыланды жалданып құлға айналса,
Арақ сатып жүгірер қыз Құртқасы.
Мықыр, тықыр мырзасы өспей қалған.
(Бала Мағжан бұл күнде кешпейді арман.)
Екі күннің бірінде ажырасып,
Разводқа барады Естай-Қорлан.