Жаның мен тәніңді қартаюдан сақтайтын 10 қағида

1.Тоя тамақтанбаңыз. Күнделікті жеп үйренген тамағыңыздың енді бір апта бойы тек жартысын ғана қанағат етіп көріңіз. Осылайша сіз ағзаңыздың жүгін жеңілдетіп, оның белсенділігін арттырасыз. Жасушалар тезірек жаңарып, ағзаңыздың ауруларға қарсы тұру күші арта түседі.
2. Ас мәзірі сіздің жасыңызға сай болуы керек. 30 жастағы әйелдер алғашқы әжімдері өзгелерден кештеу пайда болсын десе, бауыр еті мен жаңғақтарды жиі жеп тұрғаны дұрыс. Ал 40-тан асқандарға бета-каротин пайдалы. Олар сәбіз, аскөк, итмұрын, сарымсақ, көк пияз, қауын, асқабақ, сары өрік пен қызанақта көп. 50 жастан кейін кальций – сүйектің, ал магний – жүректің саулығын сақтайды. 40-тан асқан ер адамдарға ширығудан арылуға көмектесетін селен қажет, оны ірімшік пен бүйрек етінен таба алады. 50 жастан кейін балық етімен жиі қоректену арқылы жүрек пен қантамыр жүйесін қорғауға болады.
3. Салауатты өмір салтының маңызды бөлшегі – жұмыс.  Өзіңізге лайықты жұмыс табуға тырысыңыз. Ғалымдардың айтуынша, кейбір мамандықтар жастықты сақтауға көмектеседі екен. Олардың қатарына дирижер, философ, суретші (шығармашылық адамдары) және дін қызметкері кіреді.
4. Әрдайым жұбыңыз болсын. Махаббат пен мейірім – қартаюға қарсы ең күшті құрал. Адам ғашық болса, оның ағзасында эндорфин, яғни қарапайым тілмен айтқанда, бақыт гормоны көбірек өндіріледі. Ол иммундық жүйенің нығаюына көмектеседі.
5. Әр нәрсеге өз көзқарасыңыз болсын. Саналы түрде өз таңдауымен өмір сүретін адам, еріксіз өмірдің ағысымен кетіп бара жатқан адамдарға қарағанда, көп күйзеліске түсе бермейді.
6. Қозғалыңыз. Тіпті күніне сегіз минут дене шынықтырумен немесе спортпен айналысқанның өзі өміріңізді ұзартады. Қозғалыс кезінде отыз жастан кейін тоқтап қалатын гормондар «қамаудан» босап, жасушаларды жаңартады.
7. Салқындау бөлмеде ұйықтаңыз.  Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, 17-18 градус температурада ұйықтауға дағдыланған адам жастығын ұзақтау сақтай алады екен. Оның себебі, салқын температурада ішкі ағзаның бұзылу процесі тежеледі.
8. Ара-тұра өзіңізге еркіндік беріңіз. Кейде салауатты өмір салтына қатысты әртүрлі кеңестерге қолды бір сілтеп, өзіңіз ұнататын «зиянды» тамақтың аздап дәмін татқанда тұрған ештеңе жоқ.

9. Ашу-ызаны үнемі іште басып ұстамаңыз.Іштей өзін-өзі жей беретін адам көптеген ауруларға, соның ішінде қатерлі ісікке де шалдығуы мүмкін. Сондықтан, өзіңізді не мазаласа да, өзгелермен бөлісіп, тіпті дауласып та алыңыз (әрине, шектен шықпай).

10. Миыңызды жаттықтырыңыз. Сөзжұмбақ шешіп, ұжымдық ойындар ойнаңыз, шет тілдерін үйреніңіз. Сандарды калькулятормен ғана емес, ойша да есептеуге дағдыланыңыз. Мұның бәрі ойлау қызметін жақсартады.

Дайындаған К.ДИДАР.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.