Жас ұрпақ, жат ағымнан аулақ бол!
Жастар – біздің болашағымыз. Жалпы жастардың рухани мұраларымызға, тарихымыз бен әдебиетімізге, мәдениетіміз бен өнерімізге қызығушылығының жыл санап артып келе жатқаны қуантады, әрине. Дінге бет бұрғандардың да қатары артып келеді. Айталық, олардың дінге бет бұру үлесі пайыздық өлшеммен айтқанда жаңа ғасырдың басында бар болғаны 38,7% болса, мұнан бес жыл алдыңғы көрсеткіштің өзі 73,9%-ға дейін жеткен.
Дегенмен мұның алаңдатарлық жағы да бар екенін естен шығармауымыз керек.Қазіргі таңда біздің жас та жасампаз мемлекетімізде ғана емес, дүние жүзінде жастардың деструктивті діни ұйымдар мен экстремистік топтардың жетегінде кетуі қоғамдық мәселеге айналып отыр.Сондықтан елімізде де дәстүрлі дінімізбен тамырлас емес деструктивті ағымдар насихатының алдын алуға, оның жолын кесуге бағытталған ауқымды шаралар қолға алынып, нәтижелі жемісін беру үстінде.
Мұндай игі шаралар бүгінде Шымкент қаласында да көптеп өткізілуде. Біздің қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің де бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Мысалы, жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында сәуір айының ішінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің колледжінде кездесу өткізіліп, оған Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Т.Байменова, әдіскер Д. Аманбаева, Сіргелі мешітінің ұстазы О. Рысқұлбеков пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Н. Тастанбеков, аталмыш колледждің студент жастары қатысса, қаламыздағы Жол-көлік колледжінде өткен басқосуға Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Күндебай Нұрлан мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы С.Сейітов қатысты.
Осы шаралар барысында негізінен еліміздегі дінаралық келісім мен діни ахуалға талдау жасалып, кемел келешегіміздің кепілі болатын жастарымыздың кейбірінің жат ағымдардың ықпалында кетіп жатқаны айтылды. Мәселен осы кездесулерде мекемеміздің маманы Н.Тастанбеков деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар үғымдарына түсінік бере келіп, діннің атын жамылған деструктивті ағымдар қармағына көбінесе діни танымы мен тұрмыстық жағдайы төмен жастардың ілінетінін баса айтты.
Бүгінде қаламыздағы көптеген мекемелерде ғаламтордың жастарға зиянды жақтары, радикалды сайттарға тосқауыл қою, діни экстремизм мен терроризм мәселелерін көтеретін дөңгелек үстелдер, флешмобтар, танымдық кештер, оқу-ағартушылық сабақтар т.б. өткізілуде.Жергілікті электронды БАҚ пен мерзімді басылымдарда да діни экстремизмнен сақтануға шақыратын, лаңкестік әрекеттерді айыптайтын, өскелең ұрпақтың бойына ізгілік пен имандылықтың дәнін егуге, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді адами асыл қасиеттерді қастерлеуге үндейтін мақалалар жарық көруде. Алдағы күнде де қала жастарының діни сауаттылығын арттыруға септесетін шараларды көптеп ұйымдастыруға күш сала беретін боламыз.
Н.Тастанбеков, Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің маманы
«Қазақстан жолы» газеті, №16 (691), 28.04.2018 ж.