Жас ұрпақ, жат ағымнан сақ бол!

Деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамның ортақ бірлігі керек. Сонымен қатар, біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз десек, Елбасымыз айтқандай, терроризм идеяларын жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қайраткерлердің, діни жетекшілердің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды. Себебі ел аумағында жасырын немесе жария түрде қоғамға қауіп төндіріп отырған дәстүрлі емес деструктивті ағымдардың кең таралу мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ.

Біздің оңтүстік өңірінде де экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде. Яғни ел тұрғындарының санасында деструктивті жалған діни ағымдардың идеологиясын қабылдамайтын иммунитет қалыптастыру жұмыстары, ксенофобты, агрессиялы, радикалды діни сенімдер мен идеологиялардың шынайы бет-бейнесін ашып көрсету, халқымыздың рухани құндылықтарын сақтау әрі дамыту жұмыстары әлі де өз жалғасын табу үстінде. Әсіресе көптеген басқосуларда діни сұрақтарда тек қана ҚМДБ фәтуалары және шешімдерін негізге алу насихатталып, діни кеңістіктегі сұрақтарды реттейтін заңнамалар да қоғамға толық түсіндірілуде.

Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін арттыру мақсатында тиісті сала мамандары деструктивті ағым өкілдерінің ата-аналарымен де мерзімді түрде кездесулер өткізіп тұрады.

Жуырда Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ аудандағы дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округ тұрғындары арасында, мемлекеттік мекемелерде, бала­бақша және медицина саласы қызметкерлері арасында «Қоғамдағы деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологияларының алдын алу» тақырыбында кездесулер өткізді. Жиын Түркістан облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» Сарыағаш аудандық теолог маманы Қ.Аширбаевтың жүргізуімен өтті.

Ал Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылдық клубында ауыл әкімдігі, клуб және кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жастар діни экстремизмге қарсы» атты пікірталас кеші өтіп, қазіргі таңдағы өзекті мəселелер талқыланды. Нақтырақ тоқталар болсақ, Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының және Қазығұрт ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен 2018 жылы ауданда орналасқан білім беру мекемелерінде 400-ге тартқан кездесу өткізілсе, Түркістан облыстық Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметінің полция инспекторлары, облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының, облыстық денсаулық сақтау, дін істері басқармасының теолог мамандарының қатысуымен өткен өзге де кездесулерде діни радикализмнен сақтандыруға арналған бейне­фильмдер мен слайдтар көрсетіліп, жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауаптар алған болатын.

Сондай-ақ Созақ ауданында орналас­қан білім беру мекемелерінің 500-ге жуық оқушы-студенттерінің қатысуымен Таукент кентінде және Созақ ауылының «Мыңжылқы» мәдениет сарайында кездесулер ұйымдастырылды.

Мұнан бөлек Бәйдібек ауданында орналасқан білім беру мекемелерінің 500-ге жуық оқушы студенттерінің және мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, педагог-психологтар, ата-аналар комитеті төрағаларының қатысуымен 19 колледжде және Жастар сарайында кездесулер өтті.

Кездесулер барысында жат ағым қатарларын көбейтіп жатқан азаматтардың діннен хабары аз болатындығы, дәстүрден тыс діни ағымдардың қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы ашық пікірлер айтылды. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдардың дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Сондықтан да бейбітшілік пен тыныштықты дәстүрлі діндердің басты ұстанымы ете отырып, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ салсақ, ұтылмайтындығымыз анық.

Дайындаған: Ұ.ӨСКЕН.

 «Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.