Жастарды жат ағымдардан сақтау – басты міндет

Ғылым қанша дамығанымен адами құндылықтарға негізделмесе – одан адамзатқа келетін пайда шамалы болмақ. Оған атом өндірісін мысал ретінде келтіруге болады. Жер шарын жойып жіберетін атом бомбаларын иемденген мемлекеттер бар, сол мемлекеттердің әлемді билемек болған арам пиғылдары қырғи қабақ текетіресін шегіне шығарып барады.

Адам санасын улайтын экстремистік ұйымдарды сол атом бомбасына ұқсатуға болады. Түркістан облысы аумағында теріс ағымдарға қарсы жұмыс белсенді жүргізіліп келеді. Отырар аудандық орталық кітапханада «Діни экстремизм мен терроризимнің таралау себептері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға «Тәйтелі ата» мешітінің имамы М.Сұлтанқұлов, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Б.Әділханов пен орталық кітапхана қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында Исламдық жолды ұстанған ата-бабаларымыз осы дінге лайықтап өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін қалыптастырғандығын, әрі оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырғандығы толыққанды түсіндірілді. Бұл жиынның түйіні – келешек қоғамның алтын тірегін сақтап қалу керектігі, ибалы адам, иманды жасты бірге тәрбиелеу қажеттілігі жеткендігін байқатты.

Өңір жастарын кереғар ағымдардан сақтандыруда Сарыағаш пен Сайрам, Жетісай мен Шардара, Созақ ауданы мен Түркістан қалалары аумағында мазмұны терең, тәрбиелік маңызы зор пәрменді жұмыстардың жүргізіліп жатқаны барша жұртшылыққа аян болып отыр.

Жуырда Түркістан қаласы №23 жалпы орта мектебінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында мектеп ұжымымен жалпы кездесу өтті. Кездесуге Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» теологы И.Нағызхан, «Хилует» мешітінің бас имамы Н.Мақсұт және ОҚО дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог-маманы Б.Өтеген қатысып, өз кезегінде мамандар оқушыларға деструктивті діни ағымдардың зияны мен қауіптілігі жөнінде мәліметтер берумен бірге интернет ресурстарындағы діни экстремизм мен терроризмге шақыратын материалдардан аулақ болуға шақырып, ислам дінінің мән-маңызы түсіндірілді.

Қазіргі кезде облыс аумағындағы ҚМДБ-ға қарасты мешіттердің діни қызметкерлері тарапынан да жат ағымдарға қарсы күресті пәрменді етіп, оң нәтижеге қол жеткізерліктей етіп жүргізуге соны серпін бергені айқын біліне бастады. Ел-жұрттың да өзекті мәселеге ден қойып, оған сергектік танытуы мамандардың қолға алған жұмыстарын жанды етіп жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл саладағы жұмысты ықпалды етіп жүргізуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» кәсіби мамандарының үлкен үлесі бар екенін айрықша айтуға болады.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.