Жастарға дiндi дұрыс түсiндiру керек

Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында кереғар діни ағымдардың зиянды ықпалына қарсы пәрменді жұмыстар атқарылу үстінде. Осы мақсатты көздейтін кездесулер де өңіріміздегі дінтанушы мамандардың қатысуымен аудандардағы елді-мекендерде алдын ала жоспарда көрсетілген кесте бойынша өтіліп келеді. Ал осы халықпен, жастармен өткен жүздесулерде ислам атын жамылған жат ағымдардың өз идеологияларын жөн-жосықсыз тарату әрекеттері сыналып, еліміздегі діни ахуал да жіті зерделеніп, талданып-сарапталып отырады.

Мәселен, жуырда Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылдық округінің Мәдениет үйінде «Бүгінгі жас ертеңгі болашақ» тақырыбында жастармен кез­десу болып өтті. Кездесудің мақсаты да жастарды имандылыққа, үлкенге құрмет көрсетуге шақыру, құқық бұзушылықтың психологиялық ауто­деструктивтік мінез-құлықтың алдын алу мен кереғар ағымдарға қарсы насихат жұмыстарын жан­дандыру болатын. Оқушылар кездесуде терро­ризм туралы көкейтесті сұрақтарын қойып, видеороликтер көрсетілді. Кездесуге Дарбаза ауылдық округі орталық мешіті имамы К.Ақылбеков, Сарыағаш ауданы «Жастар ресурстық орталығының» теолог маманы А.Райымкулова, №70 С.Байғозиев атындағы жалпы орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ахунов, №139 жалпы орта мектептің психолог маманы Ұ.Кемелова, Дарбаза ауылдық округі ауруханасының психолог маманы А.Оразова, учаскелік полиция қызметкері А.Таңкибаев,  ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі инспекторы О.Кузеров қатысты.

Ал 18 қазан «Рухани келісім күні» мерекесіне орай Түлкібас ауданында «Жастар ресурстық орталы­ғының» және ауданның бас имамы Р.Ерменбаевтың ұйымдастыруымен Жанкент мөлтек ауданындағы «Сұлтан» спорт кешенінде имамдар арасында кіші футболдан облыстық турнир өтті. «Жаны саудың–тәні сау» деген ұранмен бастау алған бұл турнирге Түркістан облысының әр өңірінен 11 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысында ІІІ орынды Сайрам ауданының командасы, ІІ орынды Түркістан қаласының командасы, І орынды Кентау қаласының командасы иеленді. Жеңімпаздарға ұйымдастыру алқасы тарапынан ақшалай сыйлықтар және Алғыс хаттар берілді.

Яғни мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрса, еліміз­дегі дінаралық татулықты орнатудағы жетіс­тіктерімізден жастарымыз да хабардар болып отырса, өскелең ұрпақтың хақ жолдан адас­пай­тыны анық.  Қорыта айтқанда, біздер ұлттық болмысымызға жат теріс ағымдардан бойымызды аулақ салуымыз керек. Ол үшін жастардың санасына ислам дінінің тек қана имандылыққа баулитынын сіңіре берген жемісті болады. Бүгінгі жас – ертеңгі болашақ. Сол болашақтың жарқын болмағы үшін біздің оларға бүгін тура жолды дұрыс нұсқағанымыз аса қажет деп білеміз.

 

Дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.