Жастарымызды жат ағымнан сақтайық!
Бүгінгі таңда діни экстремизм мен кереғар ағымдардың алдын алу мәселесі қоғамымыздағы аса өзекті де өткір тақырыптардың біріне айналды. Жас та жасампаз мемлекетімізде бұл әлемдік індетке қарсы арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданып, өміршеңдік тауып отыр. Бұл мақсатта өзіміздің Шымкент қаласында да түрлі мекемелерде атқарылып жатқан игі шаралар аз емес.Біздің «Оқушылар сарайы» МКҚК –да да өткен жылдың өзінде «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі» мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарға сай жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ол биылғы оқу жылында да өз жалғасын табу үстінде.
Мәселен, лаңкестік әрекеттер орын алған жағдайында,сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылды қалыптастыру бағытында мекеменің Азаматтық қорғаныс штабы барлық қызметкерлеріміз бен ұстаздарымыз, үйірмешілер арасында оқу-практикалық сабақтарын ұйымдастырып, оларды төтенше жағдайлардағы ескерту шараларынан хабардар етті. Бұл шараларда жалпы күдікті заттарды табу мақсатымен бөлмелер мен аумақты тексеру мен қарап шығуды жүзеге асырудың, қызметкерлерді қауіпсіз жерге көшіру мен сезікті затты табудың маңыздылығы түсіндірілді.
Айталық үйірме сабақтарында ұйымдастырылған «Діни экстремизм, терроризм дегеніміз не?», «Абайлаңыз секта!» тәрбие сағаттары, «Не істер едің?» т.б. тақырыптардағы дөңгелек үстелдерде, дін өкілдерімен кездесулерде жат ағымдардың мақсат-мүддесін, теріс пиғылын жастарға ашып көрсетіп беретін арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, оладың діни танымын көтеруге септесетін ақпараттар берілсе, қалалық «Жас ұлан» штабында ұйымның «Руханият» бағыты бойынша мектеп белсенділері және Ұланбасшылармен кездесу барысында қазіргі қоғамда белең алып бара жатқан діни ағымдар және күмәнді діни сайттардың қоғамға тигізер зиян-залалы, олардың астыртын әрекеттеріне тойтарыс беру жолдары талқыға салынды.
Қалалық «Жас Ұлан» штабы Ұланбасшысы Ж.Избасар жиынды қорытындылап, өз әріптестерін діни ұстанымда сауаттылық танытуға, өз құрдастарының арасында діни экстремизм мәселелері жайлы түсінікті қалыптастырып, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
Шындығында да жастарымызды діни сауаттылыққа тәрбиелеу,ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеп-құрметтеуге үйрету аса маңызды. Себебі оқушылар арасында діни сауаттылықты насихаттау арқылы біз олардың бойында «теріс діни ақпаратқа» қарсы иммунитетті қалыптастырып қана қоймаймыз, ата салтынан, дәстүрлі дінінен ажырамаған, жаңа қазақстандық патриотизм рухында өсіп жетілген ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз. Сондықтан да дәстүрлі емес діни ағымдар туралы оқушыларға объективті мәліметтер беруді көздейтін, діни экстремизм туралы толыққанды түсінік беретін түрлі рухани-танымдық шаралар алдағы уақытта да Шымкент қаласында өз жалғасын таба беруі тиіс деп білеміз.Өйткені діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес-баршамыздың азаматтық борышымыз, қоғамдық міндет.
С.Айтова,
«Оқушылар сарайы» МКҚК-нің педагог-ұйымдастырушысы
«Қазақстан жолы» газеті, №16 (691), 28.04.2018 ж.