ЖАТ АҒЫМ ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ
Кереғар діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзып, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізеді.Осындай дін атын жамылған теріс ағымдар діни сауаты аз жастарымызды өз қатарына тартуға белсенді әрекет етуде.
Сондықтан өңірімізде өтіп жатқан теріс ағымдардың алдын алуды көздейтін іс-шараларда дінтанушыларымыз жастардың теологиялық таным-түсінігін кеңейтуге барынша күш салып келеді.
Таяуда Кентау жастары дінтанушы-ұстаз Арман Қуанышбаевпен кездесіп, қоғамның дертіне айналған деструктивті ағымдардың жетегінде кетпеу жайы кеңінен айтылды.Жастарды діни адасушылықтан сақтандыруды көздеген кездесу қызықты өтті. Жиын соңында белсенді жастар елге танымал жерлес ұстаздарына алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Ал Арыс қаласы Жиделі ауылдық округі Жиделі жалпы орта мектебінде жоғарғы сынып оқушылары арасында «Дін және жастар» тақырыбында кездесу өтті.
Терроризмнің алдын алу және онымен күресудің жолдары, оның елімізге келтіретін зардаптарын жан-жақты талдап, жастарға ой салу мақсатында ұйымдастырылған кеште жат діни ағымдардан сақ болу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, салт- дәстүрлерімізді сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға атсалысу т.б. мәселелер көтерілді. Сондай-ақ осы аймақтағы Ақдала ауылдық округі С.Ерубаев атындағы мектепте діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында «Теріс діни ағымдар – ұлт болашағына төнген қауіп» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуде теріс ағымдардың қауіптілігі, мақсат-мүддесі туралы айтылды. Дін–адамның руханияты. Сондықтан дінді ұлтыңнан жоғары қою экстремисттік көзқарастың бастауы болып табылады. Кездесуде жастарға теріс діни ағымдардың әсері туралы пікір білдірген қазақ зиялыларының ой-тұжырымдары айтылып, пікірлер білдірілді. Сонымен бірге Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылдық округіндегі № 20 Амангелді атындағы жалпы орта мектебінде жасөспірімдер арасында діни тұрақтылықты қалыптастырып, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алдын алу мақсатында «Кереғар діни ағымдардан сақтанайық!» атты кездесу өткізілді. Кездесу барысында Жібек жолы елді мекенінің имамы Е.Төребеков керағар діни ағымдардан абай болу керектігін айтып, Ислам дінінің артықшылықтары туралы әңгімелеп берді.
Осы аудандағы Жібек жолы ауылдық округі Жаңатұрмыс елдімекені Айнақожа мешітінде жамағатпен «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу» мақсатында өткен кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің маманы К.Рысбеков қатысты.
Ал Сайрам ауданы Аксукент ауыл округіне қарасты №47 жалпы орта мектептің мұғалімдеріне «Жалын жастар ұйымы» ҚБ-ның ұйымдастыруымен «Қоғамдағы деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологияларының алдын алу «тақырыбында кездесу болып өтті.
Кездесуді Түркістан облысы дін істері басқармасының Сайрам ауданындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ- нің теолог маманы А.Тажибаев жүргізді.
Сондай-ақ үстіміздегі жылдың қараша айында Ленгер қаласындағы №3 П.Тәжібаева, Аққұм ауылдық округіне қарасты «Жаңа ұйым» жалпы орта мектептерінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Түркістан облысы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік және түрлі кереғар діни ұйымдардың іс-әрекеттерінің алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға Түркістан облысы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Н.Асанов, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы Б.Заманханов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психологы М.Баймұхамбетова, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің заңгері С.Ермаханов, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Қ.Қыпшақов, мектеп әкімшілігі, жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Осынау шараларда мамандар жат ағымдардың көздеген мақсаты, олардың қай жерде, қай кезде пайда болғаны туралы ақпарат беріп, оның алдын-алу жолдарына тоқталды. Сонымен бірге, жат діни ағымдардың ықпалы, олардың айлашарғысы, көзқарасы, жүріс-тұрысындағы ерекшеліктер туралы да толығырақ мәліметтер берілді.Кездесуге қатысушылар теолог маманға өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Бүгінгі таңда елімізде ақпарат құралдарынан беріліп отырған деструктивті діни ағымдардың қызметі жайлы мәліметтерге көңіл аудару азаматтық міндетіміз болып есептеледі. Деструктивті діни ағымдардың әрекеті тек жеке азаматтардың өміріне ғана зардабын тигізіп қоймай, еліміздің ішкі тұрақтылығы мен ұлтаралық және конфессияаралық келісім саясатына да зардабын тигізуде. Сол себепті оларға қоғам болып қарсы тұру жемісті болады.
«Қазақстан жолы» газеті, №44 (689) 30.11.2018 жыл.