Жат ағым – жастардың жолы емес

Кез келген адамның шынайы діннен  хабардар болғаны жөн. Сол себепті де дінтанушы мамандарымыз біздің ауданда да жиі-жиі кездесулер ұйымдастырып, теріс бағытқа бет бұрғандардың ұстанымы біздің сенімімізге жат екендігін ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Бұл іс-шараларда деструктивті ағымдардың елімізге тигізер кері әсерлері де ойталқыға салынып, қоғам ішіне іріткі тудыратын кереғар ағымдар әрекеті барынша әшкереленіп келеді.

Біздің Қазығұрт ауданына қарасты Шарапхана ауылындағы Ы.Алтырнсарин атындағы жалпы орта мектебінде де оқушыларды жат ағымдардан сақтануға шақыратын, терроризм індетінің алдын алуға үндейтін іс-шаралар көптеп өткізілуде.

Мысалы жуырда аудандық ішкі саясат бөлімі және «Кемелді ел» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жат ағым – жастардың жолы емес» атты Қазығұрт ауданы аума­ғында діни экстремизм, терроризм, кереғар ағымдар мен секталардың іс-әрекеттерінің алдын алуды қалып­тас­тыруға бағытталған кездесу өтті. Кездесуді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Нуржигитова жүргізіп отырды. Ол алдымен ауыл округіндегі жалпы діни ахуал және діни экстремизмнің алдын алуды қалыптастыруға қатысты мәселелер төңірегінде баяндама оқыды.

Кездесу барысында Қазығұрт аудандық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Д.Уразбаев, діни экстремистік бағыттағы кереғар ағымдар мен секталардың белгілері мен үгіттік тәсілдеріне арнайы дайындалған слайд арқылы түсініктемелер беріп, олардың алдын алуға арналған іс-шаралар төңірегінде әңгіме өрбітті.

Дінтанушы маман өз сөзінде: «Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында кереғар бағытта уағыз жүргізетін біршама азаматтар бар. Оларды атап өтетін болсақ, Ділмұрат, Өктам, Назратұлла, Ринат, Дарын Мұбаров, міне бұлардың уағыздарын тыңдауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл уағызшылардың уағызын мақұлдамайды және интернетте отырғанда ақпаратты сенімді көздерден алу керек. Мысалы мүфтият.кз сайтына кіретін болсаңыздар, сол жерде елімізде  рұқсат етілген сайттардың тізімі бар. Міне осы сайттардан мәлімет алсаңыздар болады»,- дей келе діни экстремизм, терроризм, кереғар ағымдар қатерін тарқата түсіндіріп, Қазығұрт ауданы аумағында діни экстремизмге қарсы іс-шаралар ұйымдастыруға қатысты атқарылатын жұмыстар туралы айтып өтті. Осы мақсатта комикс және ақпараттық-әдістемелік кітапша шығарылғанын айтып, алдағы күнде де ауданда жүзден аса кездесулер өткізілетінін жеткізді.

Кездесуге жиналғандарға арнайы деректі фильм көрсетілді. Кездесуге қатысушылар деректі фильмге және дінтанушы маман ұсынған слайдқа қатысты өздерінің пікірлерін айтып, тілектерін білдірді. Кездесу барысында Қазығұрт аудандық ақпараттық-насихат тобының мүшелері және ішкі саясат бөлімінің мамандары жиналғандардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.

 

Олжас Ордабеков, Қазығұрт ауданы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі

директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 «Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.