Жат ағымға алданба!

Жат ағымдар қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Облысымызда бұл бағыттағы жұмыстар дұрыс жолға қойылған. Дін мәселелері жөніндегі 18 адамнан құралған ақпараттық-насихаттық топтар өңіріміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға, елдің діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұны аудандардағы кереғар ағымдарға қарсы ұйымдастырылған іс-шаралардың көптігінен де аңғаруға болады.

Айталық, таяуда Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Діни сауаттылық–қоғам қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында оқушылар арасында дөңгек үстел, семинар болып өтті.

Кездесуде білім бөлімінің мамандары, «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, ата-аналар, Сайрам ауданындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің теолог маманы Ж.Битанов қатысты. Семинар соңында дінтанушы маман діни экстремизм көріністерінің алдын алу және оларға қарсы тосқауыл қоюдың жолдары жайлы сөз қозғап, қоғамда пайда болған деструктивті діни ағымдардың зардаптарын түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ экстремистік ұйымдардың көздеген мақсаттары, олардың уағыз-насихаттарының мазмұны және теріс идеологияны насихаттайтын уағызшылар туралы да баса айтылды. Оған қоса «Адасқанның алды– жөн, арты–соқпақ» бейнеролигі көрсетіліп, теріс жолды таңдаған жанның аянышты тағдыры ортақ пікірталасқа өзек болды.

Сонымен қатар деструктивті ағымдардың алдын алудағы діни сауаттылықтың маңыздылығы атап көрсетілді және жат ағымдардың жастарға ықпалы туралы да егжей-тегжейлі айтылды. Осынау ілкімді істерге өңіріміздегі дінтанушы теологтардың зор үлес қосып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Олардың еселі еңбегі де назардан тыс қалып отырған жоқ. Мәселен жуырда Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Жақыпбеков мырза облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы И.Айтаевты қабылдап, Сайрам ауданында 5 жыл бойы бірлесіп атқарған жұмыстары мен ауданның діни тұрақтылығына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қабылдау соңында дінтанушыға Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.

Сонымен бірге Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылдық округі аудандық емхана қызметкерлерімен, «Балауса» бөбекжай балабақшасы мен «Ер Төстік» бөбекжай балабақшасында «Қоғамдағы деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологияларының алдын алу» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиналыс соңынан қойылған сұрақтарға да толыққанды жауап берілді.

Расында да деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен жастарды қоғамға қайтару аса қиынға соғатыны белгілі. Оған ұрындыратын ең басты себеп – ғаламтор кеңістігіндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіру мен діни сауатсыздық. Сол себепті деструктивті ағымдарға қарсы белсенді күресті жандандыра түскен жөн.

А.ҮСІПОВ

 «Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.