Жат ағымға жол жоқ!

Ислам – татулық пен тағаттықтың, жасам­паз­дық пен жарасымдылықтың діні» дейді Елбасымыз Н.Назарбаев. Дегенмен асыл діні­мізге көлеңке түсіріп, тұтастығымызды бұзуға, тұрақ­тылығымызды шайқалтуға бекінген теріс ағымдар насихатының салдары ауыр екенін де жадымызда ұстауға тиіспіз. Өйткені деструктивті діни ағымдар жастарымызға ғаламтор беттерінде де барынша әсер етуге, адастыруға тырысып бағуда. Қоғамға қатерлі мұндай діни ұйымдардың астыртын әрекетіне мемлекетіміз де бей-жай қарап отырған жоқ.

Терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған арнайы бағдарлама да қабылдап, еліміздің бар аймағында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен өңіріміздегі Түркістан қаласында да таяуда бірқатар кездесулер сәтті өтті.

Айталық Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты №21 жалпы орта мектебінде жоғары сынып оқушыларымен болған кездесуге ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) мүшелері, Түркіс­тан қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы М.Қалеке, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушылары Б.Өтеген мен І.Нағызхан, ұстаздар мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Кездесу барысында жастарға деструктивті діни ағымдардың ерекшеліктері мен қауіптілігі, олардан әлеуметтік желілерде сақ болу керектігі жөнінде түсіндірілді.

Ал ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Өтпеновтың қаты­суымен өткен діни экстремизм мен терроризм мәселелері талқыланған жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы міндетін атқарушы Б.Жалмұрзаев, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» басшысы А.Ноғаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары М.Естеміров, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Бөкебаев, Сарыағаш ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Қозыбаев, Келес ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Илесов және қала, аудан имамдары қатысты.

Жиын барысында Сарыағаш, Келес, Сайрам аудандарындағы діни ахуалдар жайлы ішкі саясат басқармаларының өкілдерінің хабарламалары тыңдалды. Ал найб мүфти Түркістан облы­сына қарасты Келес, Сарыағаш және Сайрам аудандарында көп шоғырланған кереғар ағым мүшелерімен жүйелі жұмыстар атқару қажет екендігін атап өтіп, өңірдегі проблемалық мәселелерге назар аударып, оларды шешу жолдары бойынша тиісті орындармен бірлесіп кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырған болатын.

Мұнан бөлек Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен облыс әкімінің орынбасары М.Сәдібектің төрағалығымен кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша комиссиясы отбасындағы ата-ананың ролі жайында биылғы жылы Бәйдібек ауданында орналасқан білім беру мекемелерінің 500-ге жуық оқушы-студенттерінің және мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, ата-аналар комитеті төрағаларының қатысуымен №19 колледжде және Жастар сарайында кездесулер өткізілді.

Кездесудің мақсаты аудан, қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарында жəне мəде­ниет үйлерінде (мектеп, колледж, ЖОО) жасөс­пірім­дер арасындағы құқық бұзушылықтың және қыздар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу, түрлі кереғар діни ұйымдардың іс-әрекеттерінен қорғау және діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағыттарын түсіндіру болатын.

Оқушы, студент жастармен кездесуде Түркістан облыстық ішкі істер департаментінің, жергілікті полиция қызметінің полция инспекторлары, облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының, облыстық денсаулық сақтау,дін істері басқармасының теолог мамандарының қатысуымен жасөспірімдер мен жастарға еліміздің заңдары аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көптеген мәліметтер берілді.

Кездесуге қатысушы жастарға арнайы ҚР Ішкі істер министрлігі дайындаған есірткіге қарсы зиянды әдеттерден сақтау туралы журналдар, кітапшалар және террористік актілерді болдырмау жөніндегі ақпараттандыру парақшалары таратып берілді. Сонымен қатар, ерте жүктіліктің алдын алу, діни радикализмнен сақтандыруға арналған бейнефильмдер мен слайдтар көрсетіліп, түсіндіріліп, талқыланды.

Ал үстіміздегі жылы Түркістан қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбековтің төрағалығымен қаладағы қонақ үйлердің басшылары мен жалдамалы пәтер иелері және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен діни экстремизмнің алдын алу мақсатында жиналыс өткізілді.

Жиналысқа ҰҚК ТОД Түркістан аудандық бөлімінің қызметкері Д.Төреқұл, Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Е.Файзиев, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің бөлім басшысы, теолог Д.Оспанов, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы М.Қалеке,  «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теологы І.Нағызхан қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында дінтанушы Дәлелхан Қоңырбайұлы сөз алып, деструктивті діни ағым­дардың зияндылығы, деструктивті діни ағым жақтастарының түр-сипаты, іс-әрекеттері, экстремизмді насихаттайтын интернет ресурстарының қауіптілігі жайлы айтты. Жиналыс соңында теолог Д.Қоңырбайұлы қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бетті дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ.

 «Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.