Жат ағымнан сақтану бәрiнен де өзектi

 Жат ағым жас ұрпақты құрдымға жетелейді. Олардың ұстанымы халқымыздың сан ғасырлық діни сеніміне, таным-түсінігіне мүлде қарама-қайшы. Ең қатерлісі, осы кереғар ағымдардың, деструктивті топтардың үгіт-насихаты. Сол себепті де жастарымыз ғаламтордағы діни ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін ҚМДБ-ның өкілдеріне, жергілікті мешіт имамдарына жүгінгені жөн. Шындығында жат ағымдар жас буынды Әбу Ханифа мазхабынан ажыратып, ұлттық болмысымызды күйретуді көздейді. Олай болса әр түрлі бейнетаспаларын уағыз-насихаттарын өз сайттарына салып, қоғамда діни алауыздық тудыруды көздейтіндердің астыртын әрекетін әшкерелеп, тосқауыл қоюға тиіспіз.

Таяуда ғана Сайрам ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ішкі саясат және білім бөлімінің басшылары мен мамандары, Көлкент, Қарабұлақ, Арыс, Құтарыс ауыл округтерінің әкімдері, мектеп директорлары, ауыл ақсақалдарымен кездесу өткізілді. Кездесуде мекеме басшылары «Мектептегі тәрбие және жастардың ғаламторда өзге ағымдардан сақ болуы» тақырыптарында баяндама жасап, Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Ж.Битанов «Ғаламтордағы махаббат бомбасы» тақырыбында лекция оқыды. Сондай-ақ діни экстремизм көріністерінің алдын алудағы ақпараттық-түсіндірме шараларын жетілдіру жолдары да кеңінен талқыланды

Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – профилактика, яғни ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімді жүргізілуі. Осыған қатысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларының бірінде: «Бізге қоғамда, әсіресе жастар арасында діни экстремизмге қарсы профилактиканы күшейтуіміз қажет»,-деген болатын. Демек, экстремизмге қарсы күресте жоғарыда айтылған профилактикалық шараларды жандандыра түсу керек. Мұндай жұмыстарға жоғары білімді, білікті теологтармен қатар, психологтар, педагогтар мен дінтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе атсалысса, нәтижесі көңіл қуантарлықтай болатыны да белгілі. Осы мәсе­ле­лерді қозғаған дінтанушылар жастардың діни сезімдерінің радикалдануына жол бермеудің маңыздылығына тоқталып, жат ағымдағылардың ойын өзгертіп, қайта түзу жолға салудың оңайға соқпайтындығын айтты. Өйткені олар өзіндік ойлау қабілетін жоғалтып, экстремизмді санасына мықтап сіңіріп алған. Осы тұрғыда теологтар мен имамдардың де адасушылардың санасына әсер ете алатындай сауатты болуы керектігі де баса айтылды.

Осы тақырыпты тереңірек қозғаған Ж.Битанов: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан әркімнің діни бостандығына еркіндік береді. Алайда, жастардың жат ағымның жетегіне кетуіне негізгі фактор болатын әлеуметтік желілердегі радикалды ағымдардың үгіт-насихаттарына құзырлы органдар тыйым салады. Өзге пиғылды интернет-сайттарының жұмысын тоқтату да күн тәртібінен түспейді», — деді.

Сондай-ақ ол кейбір мәліметтер бойынша өзге ағымның жетегіне кетушілердің 80 пайызы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтарды құрайтындығын айтып, алаңдаушылық білдірді. Оған негізгі себеп, әлеуметтік желілердегі уағыздар мен жастар арасындағы жұмыссыздық. Сондықтан жиында мектеп психологтары мен ұстаздары оқушылардың діни сауаттылығын арттыруды жиі қолға алу керек.Оған қоса мешіт имамдары мен теологтар ел арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізсе, жастардың түзу жолдан таймауына сеп болатындығын да жеткізді.

Сонымен қатар Шардара ауданындағы мектеп-интернатта 8,9,10-сынып оқушыларымен «Жастар жадына – ғаламтор жау» тақырыбында теріс діни ағымдардың алдын алуға бағытталған кездесу өтті. Кездесуге Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы Д.Байбеков пен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теологы Б.Темирханов қатысып, дәстүрлі емес діни ағымдардың психологиялық әдіс-тәсілдері туралы түсінік берді.

Оған қоса Қазығұрт аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалында облыстық  «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары, аудандық сот төрағасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, АІІБ қызметкерлері және Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі секторының мамандары, білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен өңірі­міздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелде мамандар мектеп оқушылары мен студент жастардың жат пиғылды ағымдардың қармағына тез ілініп, соның әсерінен ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына, ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығып жатқанын ашық айтты. Сондықтан біз ұрпағымыз  ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болсын десек, оларға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оң бағыт-бағдар көрсеткеніміз ләзім. Өйткені олай болмаған жағдайда жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы әбден мүмкін. Тіптен кей ата-ана баласының осындай ағым жетегінде кеткенін кеш түсініп, бармақтарын тістеп қалуда. Жиынға қатысқан көпшілік мамандар да бұл түйінді мәселені қаперде ұстауға шақырып, жастарымыздың да діни ағымдардың зияндылығын түсініп, оның астарына үңіле білгені дұрыс болатындығын жеткізді. Әсіресе Ислам дінінің ата-анаға қарсы зұлымдыққа емес, бауырмалдыққа, ізгілікке шақыратын дін екендігін түсіндіріп отыру маңызды.

Бүгінгі Қазақ елі берік ынтамағының арқасында талай-талай игіліктерге қол жеткізіп келеді. Ал егер ел ішінде діни алауыздық туындап жатса, ол елдігімізге нұқсан болары сөзсіз. Олай болса дәстүріміз бен дінімізді дәріптеп, кереғар ағымдар кесапатынан іргемізді аулақ салайық.

Ұ.ӨСКЕН.

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.