Жат ағымнан сақтанудың жолы – дiни сауаттылық

Бүгінде деструктивті ағымдар мәселесі қоғамдағы маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан да кереғар ағымдардың болмысын танып-білу мен мақсатын айқындау, олардан келер қауіп-қатерді қоғам талқысына салып, саралап отырудың пайдасы көп. Бұл тараптағы шаралардың біздің Түркістан облысында да көптеп қолға алынып жатқаны оқырман қауымға аян. Таяуда Шардара ауданында өткен келелі кездесулер де бұл ілкімді істердің санатына кіреді.

Шардара ауданында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін құрылған ақпараттық-түсіндірме топ мүшелері Қ.Сағырбайұлы және А.Иманов мектептерінің жоғарғы сынып оқушыларымен «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» атты кездесу өткізіп, жиынға аудан имамы А.Данияров пен аудандық ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы Д.Байбеков қатысты. Өз кезегінде Д.Байбеков еліміздің зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып келе жатқанын айта келе діннің мемлекетіміздің рухани тірегі екеніне де мейлінше тоқталды. Дініміздің негізгі міндеттерін түсіндірумен бірге ол еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының басты бағыттарына шолу жасап өтті. Сондай-ақ, қоғамымызда орын алып жатқан әр алуан мәселелер, халқымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарының жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына, діни экстремизм мен терроризм қаупіне тоқталып, өңір жастарының діни сауаттылығын арттыруға баса мән беруіміз керектігін жеткізіп, қызметкерлер мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берді.

Сонымен қатар бұл ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері Түркістан облыстық МКҚБ ММ-нің 3-ші полиция батальонында «Кереғар діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында кездесу өткізді. Бұл кездесуге де аудан имамы А. Данияров пен аудандық ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы Д. Байбеков қатысып, қазіргі таңдағы дәстүрлі емес ағымдардың көбейуіне байланысты кейбір жастарымыздың діни сауатының таяздығынан кереғар діни ағымдар мен секталардың алдау- арбауына түсіп, олардың торынан шыға алмай жүргендерін, дін және діни ағымдар мәселесінің қоғамда аса өзекті болып отырғанын айтып берді. Кереғар діни ағымдардың қауіптілігі, әлеуметтік желілердің жастарға тигізіп отырған зияндылығы жөнінде түсіндіріп, ҚМДБ-ның сайттарынан шынайы мәлімет алуға болатынын ескертті.

Расында да экстремизм секілді жаһандық қатермен күресте, әсіресе, жастар арасында түсіндіру, ағарту жұмыстарын жандандыру керек. Сол үшін де діни фанатизм мен діни дүмшеліктен бірдей сақтанып, дінаралық татулық пен конфессияаралық үйлесімділікті дамыта беруіміз керек.

 

Бетті дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ.

 «Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.