Жат ағымның көздегенi жақсылық емес

Деструктивті және кереғар ағымдардың теріс діни насихатының мақсаты бір, ол– қоғамда өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату, ауызбіршілікті жою, мемлекеттiң тұтастығын бұзу мен хақ дінімізге көлеңке түсіру арқылы діни бөлінушілікті тудырып, бірте-бірте ұлтты сан ғасырлық ұлттық құндылықтарынан басыбүтін шеттету болып табылады. Олай болса өзіміздің Түркістан облысы аумағында өткізіліп жатқан деструктивті діни ағымдарға қарсы шараларды тек қолдау керек. Тек осылай ғана біз жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай дін атын бүркеніп, астыртын әрекетке көшкен жат ағымдар әрекетінің алдын ала аламыз.

Өйткені кез келген теріс пиғылды кереғар ағымның өз қатарын тол­тыру үшін шынайы мақсатын жасыруға және зұлымдықтарын ақтауға тырысып бағатыны бүгінде жасырын емес. Деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйек­сөз­дерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Біз осыны жастарға мейлінше терең ұғындыруымыз керек.

Таяуда Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Даму» ҚБ ұйымдастырған Тұран колледжінде өткен кереғар ұйымдардың алдын алуға бағытталған кездесуде де осы мәселе кеңінен қозғалды. Кездесуге колледж студенттері мен қызметкерлері, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Б.Өтеген және Түркістан қаласы ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» теолог маманы И.Нағызхан қатысты. Жиында деструктивті діни ағымдардан аулақ болу, ғаламторды дұрыс пайдалану ережелері, ғаламтор арбаушыларының әдіс-тәсілдері мен белгілері және олармен күресу жолдары талқыланды.

Дінтанушы маман Б.Өтеген радикалды діни ұйымдардың идеологиясын шынайы діни сенім­мен байланыстыруға болмайтынын баса айта келе олардың өзге дін өкіл­дерімен өзара келісім орнатуға құлықсыз екендігін, әрі ымыраға келуге де ниетті еместігін, қала берді адамдар арасында орныққан бауырластық, достық, туыстық және отбасылық қатынастарды бұзуға барынша ұмтылатындығын айтса, И.Нағызхан кереғар ағым мүшелерінің өз мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайынбайтындығын, мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын бұзуға, жергілікті халыққа заңсыз өз үстемдігі мен билігін жүргізуге әрекеттенетінін қаперге салды.

Яғни, Елбасымыз айтқандай, дін бөлектенуге емес, бірігуге бастап, адам сана-сезімінің қалыптасуына жәрдемдесіп, басқа халықтарға, олардың мәдениеті мен дәстүрлеріне қатысты құрмет пен төзімділікке тәрбиелеуі тиіс. Ал ол үшін жастарымыз діни сауатты, өрелі болғаны дұрыс. Жастарымыз белсенді, дәстүріне берік, дініне бекем болса, алынбайтын асу болмайды.

Жуырда Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Азаматтық қоғам және мемлекет: диалог, әріптестік және жауапкершілік» тақырыбындағы үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VIII Азаматтық форумында да үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері, қоғамдық бірлестік жетекшілері мен азаматтық белсенділер мен кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысып, жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің маңыздылығы талқыға салынды.

Жиында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры А.Ноғаев «Азаматтық сектордағы жастар ұйымдарының рөлі. Еріктілікті дамыту» тақырыбында баяндама оқып, азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы ойларын айтып, орталықтың дін саласында атқарған жұмыстарымен кеңінен таныстырды. Форум барысында түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылып, қызу талқыланды.

Былайша айтқанда, жастарымызға тура жолды көрсете отырып, қоғамдағы конфессияаралық үнқа­тысуды дамытуды жалғастыра бергеніміз жөн. Сонда ғана теріс ағымдар мен әсіредіншіл топтар жастарымызды халқымыздың рухани тіректерінің бірі – Ислам дінінен алшақтата алмайтын болады.

Дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ.

 «Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.