ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫ ЖИІ ҰШЫРАСАТЫН БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА АЙТЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 24 тамыз күні Түркістан облысында «Блімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық пен отаншылдық қасиет» тақырыбында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.

Мақсатты жиында аймақтағы білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер ортаға салынып, еліміздің білім беру саласына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар таныстырылды.

Білім саласындағы өзекті мәселелер ашық талқыланған конференцияға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов арнайы қатысып, ел ертеңі үшін айрықша маңызға ие саланың сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне аса бейім екендігін баяндады.

«Өкінішке орай, өңіріміздегі білім беру саласы жемқорлық қылмысы жиі ұшырасатын сала ретінде көш бастап тұр. Бұл бойынша біздің органмен алдын-алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан, соңғы 6 айдың өзінде осы салаға қатысты Департаментпен 12 қылмыс тіркелген. Айта кеткен жөн, Агенттіктің 1424 колл орталығына заңсыз ақша жинау фактілері бойынша хабарламалар ел аумағы бойынша Түркістан облысынан жиі келіп түсуде» — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, құқықбұзушылықтардың туындау себептерін айрықша атап өтіп, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге барған білім беру мекемесі басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмыстарына тоқталды.
Атап айтсақ, Түркістан қалалық сотының үкімімен Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы М.А. білім беру қызметіне лицензия беру үшін жәбірленушіден 5 млн. теңге көлемінде пара алғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған және Ордабасы аудандық сотының үкімімен Ордабасы ауданындағы К.Омаров атындағы жалпы орта мектебінің директоры К.К. денешынықтыру пәнінің мұғалімінен сағат бөлу және қосымша үйірме беру үшін 500 мың теңге пара алу барысында әшкереленіп, 15 млн. теңге айыппұл төлеу жазасына сотты болған.

Бұдан бөлек, Ержан Әлиұлы мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етудің орнына азық-түлік беру фактілеріне жол берген Төлеби ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің құқықбұзушылық әрекеттерін болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертіп, ұстаздар қауымын жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру бағытында Департаментпен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.