ЖОЛ БАСТАҒАН ЕЛ СЕРКЕСІ

Бар ғұмырында ел үшін елеулі еңбек етіп, халқының қамын жеген асыл жандар аз емес. Солардың бірі – елге тұтқа болып, жұртты даңғыл жолға бастаған серке азаматымыз Асанбай  Асқаров еді. Ол 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы Меркі ауданы Тәтті ауылында дүниеге келген. Орта шаруа отбасындағы әкесі Асқар 1930 жылы қайтыс болады. Асанбайдың атасы Асылбек би болған, ол 1916 жылы Ақкөз батыр бастаған көтеріліске қатысқан.

А.Асқаров мектептен кейін Фрунзедегі педагогикалық училищені 1939 жылы бітіріп, еңбек жолын сол жылы мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1942-1946 жылдары әскерге алынып, отан алдындағы борышын өтейді, сондай-ақ полк мектебінде, саяси училищеде оқиды. Қатарластарынан озып, полковник дәрежесіне көтеріледі.

Әскерден оралған соң, 1946 жылы Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етеді әрі Жамбыл облыстық компартиясының бюро мүшесі болады.

1951-1954 жылдары Мәскеу қаласы Орталық Комитетінің жоғары партиялық мектебінде тыңдаушы болып оқиды. 1954-1958 жылдары Жамбыл облысындағы Красногорск және Меркі аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1958-1959 жылдары Жамбыл облыстық кеңесі Атқару комитетінің төрағасы болып сайланып,  1959-1965 жылдары Жамбыл облысының облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болады. 1965-1978 жылдары Алматы облыстық обком партиясының бірінші хатшысы болған және Қазақстан Орталық комитеті Коммунистік партиясының бюро мүшесі қызметін атқарған. 1978-1985 жылдары Шымкент партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. Ол Жоғарғы партия мектебін бітіріп, кандидаттық диссертациясын өте жоғары бағамен қорғаған.

Көп жылдар КОКП және Қазақстан КП-ның Орталық Комитетінің мүшесі, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, Жамбыл, Алматы және Шымкент облыстық партия комитеттерінің бюро мүшесі, сонымен қатар, сол облыстардың атқару комитеттерінің депутаты болып сайланды.

Асанбай Асқарұлының көп жылдардағы еліне сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, 1982 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Ол 5 рет Ленин орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетін Колбин басқарған кезде, одан кейін де Асекеңнің басына ауыр күндер туып, төрт жылдан аса уақыт қамауда болды. Асқаровқа жағылған жала сексенінші жылдары белең алған қазақ зиялыларын қуғындаудың құрамдас бөлігі еді. Тергеу кезінде оған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысы бар, ұлтшылдығы сияқты «айыптар» тағылды. А.Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.

А.Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология ғылымдары академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Сонымен қатар ол «Тағдыр» (1991), «Жұмақ пен тозақ жырлары» (1992), «Көзқарас» (1997), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) т.б. көптеген кітаптардың авторы.

Қазіргі күнде Шымкент қаласындағы дендросаябақтың атауы А.Асқаров атымен аталса, қала орталығында Асанбай Асқаров атындағы көше бар.

 Н.ЖАРҚЫНБАЙ,

Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының

мемлекеттік архивінің археографы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.