Жырларымда заман шындығы
Жетпей қойды өрем еш,
Сыймайды екен көлемі еш.
Құлақ тұнар бітпес дау.
Етек жақта ерегес.
…Саясаттан қала мас.
Кей бұрышта адам аш.
Газет беті – дау-дамай
Ақ-қарасы аралас.
Тойған қарын шала мас,
Басталған той тарамас.
«Құлагерде» болады,
Жеті сайын «Ит-талас».
Көше қызу қарбалас,
Жанбағуға жанталас.
Теңге деген – тіршілік,
Доллар деген – тайталас.
Көше қызу қарбалас,
Құрсақ тойса – санаң аш!
Ақша деген ақ патша,
Бет-жүзіңе қарамас!
…Түрлі-түрлі көзқарас,
Биліктіге бар жанас.
Сен де қалма қарпып қал,
Үлесіңе бар, талас!
Кедей көзі іріңдеп:
«Заман қандай сырың» деп,
Бай күледі миықтан:
«Заман менің құлым» деп.
***
Билік балдай ой-ұғым,
Кімге бұрар мойынын.
Қан қыздырар мықтылар
Бұл – шахмат ойыны.
Кімнің көптеу ақ тасы?
Кімнің мықты жақтасы?
Кімге жеңіс әперер,
Шахматтың тақтасы?
Дүбірлейді тақ қасы,
Дірілдейді жат жасы.
…Жақтас жинап жатады,
Алтын беріп ат басы.
Кімнің ашық қақпасы,
Анық тыныш жатпасы,
Сынып белі кетердей,
Шахматтың тақтасы.
Кімнің анық жатпасы,
Біреу бидің аттасы,
Атқан тасын жібермей,
Бір дүлдүлі қақпашы.
Ардан ары атташы?!
Жамандықтың жоқ қасы…
Сөзін сөйлеу күштінің –
«Әділдіктің патшасы».
Баян Бекетова