Жырларымда заманымның шындығы
ИРАН ҒАЙЫП
Бұл қай заман дегенде,
Бағы заман,
Тарпаң мінез,
Тасбауыр,
Тағы заман.
Өмір жасы
Өксумен өткен заман,
Кісі ақысы
Кісіге кеткен заман.
Адалдықтың қолымен
от көсеген
Һарамдардың ниеті
неткен жаман.
Жақсы көрсе
Жалмаған
Жебір заман,
Кұтсыз әрі құнарсыз
Кейбір заман.
Астамсынып
Аяғын баса алмайды
Көгендеулі боқтыкөт
Небір жаман.
Қиянат
Кең дүниені
Кезген заман,
Есер жаншып
Естіні езген заман.
Біржола
Бетін әрі
Бұрған заман,
Құдайы
Тас төбеден
Ұрған заман,
Жалған серке
Алдында күші өктемнің
Жағынып жорғалайды
құрдан жаман…
Дегбірі қашып,
Дуасыз,
Дескен заман,
Көп сөйлеуге көпіріп
Намы түзу нақты ісі
Былай қалған
Таңертеңі тартыстың
Кештен жаман.
Семіз өтпей
Базардан қайтқан заман,
Арық-тұрық
Арзасын айтқан заман.
Аяқ бассаң
Мәжіліс,
Мәслихат –
Ызың-қызың,
У да шу –
Айттан жаман.
Өкше бастың
Бетінен алған заман,
Асыра сілтеу
Адыра қалған заман.
Қайта құрып
Келеміз дүниені –
Жайпауыты
Жаңылсаң
Жардан жаман.
Бір қарасаң –
Түйткілді
Тылсым заман,
Бір қарасаң –
Хақ құдірет
Қымсанбаған.
Тілл мен ділі азғындап,
Діннен безіп,
Тоқыраған
Тоңмойын
Құрсын заман.
Сор-бейнетін
Бауырына басқан заман,
Нары шөкпей,
Аруағы қашқан заман.
Жер-көкті
Жалмап тынар
Жалмауыздай
Ақыл-ой албастысы
Басқан заман.
Жабысы жүйрігінен
Озған заман,
Ауру-дерті асқынып
Қозған заман.
Баяғы әкім
Әлі әкім болған заман.
Қалтаса
Алыпсатар
Алпауыттың
Алтын менен ақшаға толған заман.
Ішегін тартып
Қаншырдай қайтқан заман.
Белшесінен қарызға
Батқан заман.
Дүние аударылып-төңкеріліп,
Жарылып…
Жазым құшып
Жатқан заман.
Үлкенінің жағасын
Жыртқан заман,
Кішісіне беделін
Құртқан заман.
Өртте қалған өгіздей
Көткеншектеп,
Ала қойды бөлектеп
Қарыққан заман.
Айта берсе таусылмас
Түпсіз заман,
Сапа да жоқ,
Сан да жоқ,
Жүксіз заман.
Табанының тұлдырсыз
Бүрі кеткен
Тар жол
Тайғақ кешуді
Дітсіз заман.
Құдай ақы,
Оллаһи,
Шүкір заман!..