Жырларымда заманымның шындығы

Әпербақан заманның,

Әдісіне алаңмын.

Әбжыландай арбасқан

Әрекеті адамның.

 

Іше-іше жұрт уды,

Ұмытқандай үркуді,

Алатаудан бұлт ауды,

Атымтайға күн туды.

 

Әлдекімдер дау бастап,

Әкіреңдеп жауласпақ.

Әкім болып туғандай

Әкесінен әу баста-ақ.

 

Өзді-өзімен сыбайлас,

Бас-басына бір ойнас.

Байлығына ешкім де

Болған емес бұлай мас.

 

Бәрі – Ыбырай, бәрі – Абай,

Дуылдайды арадай.

Көсілгені батады-ау

Көрпесіне қарамай.

 

Баршынаят өңді өлке

Бар құрлыққа болды ерке.

Жұртқа алақан жайып ек

Жұмырымыз толды ерте.

 

Жеріміз бар иген құт,

Игере алмас күйге ендік.

Қайтарымын Хақ білер,

Қайыр сұрап үйрендік.

 

Көсемнің де саудайы

Шешеннің де саудайы.

Залымдардың қолында,

Замананың аужайы.

 

Қорқынышы моладай

Қоғам келді қомағай.

Толғатқанмен қаншама

Тумады бір Толағай.

 

Әпербақан заманның

Әдісіне алаңмын.

…Әрең жүрмін ұялып

Әруағынан бабамның…

 

Көрінгенге сүйкеніп,

Ішінде арам ит өліп,

Жүрген жанды көрсем де,

Жұқарады жүйке нық.

 

Сабыр менен күбірге

Толып кетті бұл ірге.

Қанға толып батады

Күннің көзі іңірде.

 

Кірін іздеп тырнақтың,

Өтіп жатыр зырлап күн.

Назға толы жанымның

Нәзіктігін ұрлаттым.

 

Өлмес жанр – өлең де,

Өніп жатыр көгенде.

Нән өтірік – мінбеде,

Нағыз шындық – төменде.

 

Көптің көзі бұладай,

Көсемсиді бір ағай.

Теңгелерден құны жоқ

Телміреді ұлы Абай.

 

Ұғатындар обалды,

Үндемейтін боп алды.

Көңілсіз бір көлеңке

Көміп жатыр қоғамды.

 

Жазарым да көңілсіз,

Ғазалым да көңілсіз.

Ойдым-ойдым ойларым

Өліп жатыр өмірсіз.

 

Мұңдарымды – Ақылдың

Мұхитыма батырдым.

Көлеңкеге мен-дағы

Кіріп бара жатырмын…

 

Күлемін-дағы жылаймын,

Жылаймын-дағы күлемін.

Басылған мөрі Құдайдың

Жыртылар болды жүрегім.

 

Аумалы-дағы төкпелі,

Заманға көңілім өкпелі.

Дәуріш-Айға көктегі

Мұңымды шақтым, жетпеді.

 

Үзілі сөзін өткізіп,

Үмітті біреу кетті үзіп.

Көз жазып қалдым көшіңнен,

Кешегі көрген көп қызық.

 

Бірісін бірі көрмеген,

Ұлысын тірі жерлеген.

Ғасырдың көріп адамын,

Тәңірге тартып барамын,

Қабірге барар жолменен…

 

Бақытжан АЛДИЯР

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.