Жырларымда заманымның шындығы

Құдайберген БЕРДІОҢҒАРОВ

 

Бұл қандай заман,

Азғындады адам,

Зыпыран құсты зиялы.

Сыбайлас жемқор,

Өтірік қамқор,

«Капитализм» ұраны.

 

Жұмыссыз қаңғып,

Жұрт болды мәңгүрт,

Ұрының саны көбейді.

Өріс ап қулық,

Көбейді сұмдық,

Ол неден шықты демейді.

 

Ақыл-ой азды,

Ел құрсағы сазды,

Тапқаны жетпей асқа да.

Шенеунік шіреп,

Тұрғандай тіреп,

Құнықты тек ақшаға.

 

Арам қылықты,

Жаманшылықты,

Жасайды солар ұялмай.

Алдап, арбайды,

Жұрты қарғайды,

Шулап ұлардай.

 

Білімді адам жоқ,

Саудагер надан көп,

Жаман-жәутіктер марқайды.

Данышпандардың

Жүні жығылып,

Мезгілсіз қартайды.

 

Болды жұрт ақ табан,

Қайыршы қаптаған,

Қол жайып, көзін сүзетін.

Жасайды ерлік іс,

Жігітке бер жұмыс,

Тепсе темір үзетін.

 

Бұл не заман?

Барады адам азғындап,

Қулық-сұмдық, алаяқтық мәз қылмық.

Интеллигент деген аты тек қана,

Туған елін тонауға әзір андыздап.

 

Қожа да жоқ ондайларға әй дейтін,

Қисайтып ап заманына сай бөркін.

Басталғандай дағдарыстың кезеңі,

Қоғамның айтып бітем қай дертін.

 

Азаматтар жүр жұмыссыз сабылып,

Етек алды ұрлық-қарлық, тағылық.

Иіні түскен жігіттер мен қыздар жүр,

Сейфуллин мен Сайн жақта жабығып.

 

Қылман қағып қулығы көп дүние,

Күле қара ауқаттыға, іріге.

Адамзаттың ақыл-ойы арзандап,

Тоғышарлық жететіндей түбіне.

 

Жол менікі дер жамандық жалмаңдап,

Ізгілік пен мейірім бұл күн болған дат.

Білімдінің қолы қысқа, амалсыз,

Әзер-әзер күн көреді тал қармап.

 

Заманның қабағы да қатулы,

Білімің де, басқасы да сатулы.

Өріс алып алды-ау менен өтірік,

Арзандаттым адам деген атымды.

 

Сатқындық пен бағы жанып сауданың,

Марқияды мансұқ етіп қалғанын.

Данышпанның қалды жүні жығылып,

Не болғанын түсіне бер ар жағын.

 

Шіренеді жаман-жәутік марқайып,

Ол дағы бір қалт-құлт еткен жалқайық.

Қой сияқты халық көнді айдауға,

Қазынамыз күннен күнге ортайып.

 

Ойға батып, өзімді өзім жүдетем,

Тәуелсіздік туын қайтіп түлетем.

Бұл не заман, кім береді жауабын,

Халық үшін күресетін кім екен?

 

Кеңірдектен қылғындыра қысқан заң,

Жемқорлық пен жегіштерге күш болған.

Демократия жете алмай жүр халыққа,

Ұйқы қашып, айдалада түс қалған.

 

Үкіметім көкірегін жүр керіп,

Жақсы деуге тұрар тілім күрмеліп.

Ардагерлер жеңілдігін жалмады,

Өздерінің тұрмыстары түрленіп.

 

Заманымда біліп едім алты тіл,

Профессор ем, дей алмаймын ал шүкір.

Қоғам мүлкін салған талан-таражға,

Алаяқтың асықтары алшы тұр.

 

Жастарыма тәрбие берген мен едім,

Көпті көрген қариялардың көзі едім.

Дәрісімді оқығанда сұңқардай,

Саңқылдаған қас қыранның өзі едім.

 

Қайта құрам деді дағы құрытты,

Сең соққандай сенделтеді жұртты.

Тоқсан тарау ойға түсіп қор болдым,

Біздей қарттар бар екенін ұмытты.

 

Шашыма ақ кіріп, жүрмін бойды жаза алмай,

Дәрменім аз, іш қайнайды қазандай.

Кейбір балалар әріп те білмейді,

Қор болуда есімдерін жаза алмай.

 

Балалардың көбі кемтар,

Барады ма халық азып.

Күресуге қалмай қауқар,

Отырамын жан құлазып.

Ойлан ұрпақ, кім кінәлі,

Ақыл-есі кемдер туды.

Көкірегім қан жылады,

Көрем деп пе ем

Көрмесімді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.