ОҚО-да «Үздік оқырман отбасы» жобасы өз мәресіне жетті

Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында  Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Сайрам ауданындағы Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде «Үздік оқырман отбасы» жобасының ашылу салтанаты өтті.
Оқырман мен кітапхана байланысын нығайтып, рухани байлықты арттыруға  септігі мол жобаның ашылу салтанатына қатысқан Сайрам ауданы әкімінің кеңесшісі Марин Ільяс Оңалбайұлы игілікті шарамен құттықтап, қазақтың салт-дәстүріне сай Ақсукент ауылының бір жасар тұрғыны Пірімбетов Мейрасханның тұсауын кессе, қариялар бата беріп, ақ кимешекті әжелер шашу шашты.
Ұлт дәстүрі насихатталып, ата жолының үлгісі дәріптелген жиын Сайрам ауданындағы төрт отбасының білім мен өнерін сарапқа салған  байқауына ұласты.
Байқау шартына сәйкес таныстыру, қазақтың салт-дәстүр үлгілерін көрсетуге  арналған үй тапсырмасы, кітап және ұлттық құндылықтар аясындағы тосын сұрақтарға жауап берген барлық отбасы мүшелері ұлттық киім үлгісімен де көрермен ықыласына бөленді.
Әр кезеңнің орындалу деңгейін сараптай келе қазылар алқасы  Тілемісовтар отбасын жеңімпаз деп тапты. Сондай-ақ, Бестібаевтар отбасы «Кітапқұмар отбасы» номинациясымен, Наурызбаевтар  отбасы «Ынтымақты отбасы» номинациясымен, Рысқұловтар отбасы «Өнерлі оқырман отбасы» номинациясымен  марапатталды.
Байқауды «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Айдарбекова Күлия Смайылханқызы қорытындылап, әрбір  отбасының сахнадағы тіл мәдениеті мен өзін-өзі ұстау, салт-дәстүрді насихаттау деңгейі жөнінде талдай келе сайысқа қатысушылардың бәрі де жоғары дәрежеде өнер көрсеткеніне алғысын білдірді.
«Байқау алдағы уақытта облысымыздың барлық аудан, қалаларында жалғасатын болады. Мақсатымыз-күштеп емес, ерікті түрде жас буындардың кітап әлеміне қызығушылығын арттыру»-дейді Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Бегежанова Зоя Оралбайқызы.

                                                                                                                               М.Жұмабайқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.