Премьера қарсаңындағы қарбалас

«Астана Операда» Г.Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» операсының премьерасына дайындық жүріп жатыр, ол К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында 11-12 сәуірде ұсынылады. Шымылдықтың ар жағында шығармашылық толқыныс пен ғажайып атмосфера орнаған. Осынау опералық оқиғаның ортасында жүрген Astana Opera Халықаралық академиясының тыңдаушылары, қоюшы дирижер, қоюшы режиссер мен суретшілер бұл музыкалық спектакльдің еліктірерлік жасалу барысы туралы айтып берді.

Костюм тігу ісінің шеберлері қоюшы режиссер Николай Куликовтың ойын жүзеге асыру үшін талмай еңбек етуде. Қайшылардың қиюының, тігін машинасының көңілді шуылының нәтижесінде жап-жаңа костюмдер пайда болады. – Костюмдер арқылы көне көше театрларының тыныс-тіршілін бейнелеуге болады. Ол кезде театрлық киімдер қарама-қарсы түстер мен реңктерде жасалатын, ал әртістердің беттерінде аппақ грим болатын. Костюмдерді жасау кезінде жаккард, зерлі және костюм матасы көбірек қолданылады. Әзіл-сықақ үстеу үшін кейбір кейіпкерлердің бейнелері шамалы әсіреленген. Жалпы, костюм жасау тұжырымдамасы тарихи пішуді заманауи киім элементтерімен біріктіруді мақсат етеді, — деп пікірімен бөлісті костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова.

Қоюшы дирижер Руслан Баймурзин оркестр әртістерімен және академия тыңдаушыларымен Г.Доницеттидің музыкасын орындау ерекшеліктері бойынша жұмыс істеп, дайындықтарды мұқият жүргізеді. Ол композитордың партитураға салған эмоционалдық мазмұнын жеткізуге тырысып, музыканттарға туындыны толығымен ашуға көмектеседі.

— Бұл Доницеттидің «Астана Опера» афишасындағы осымен үшінші операсы. «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түнін» біз Piccolo театры жобасы аясында Astana Opera Халықаралық опера академиясының солистерімен бірге орындаймыз. Г.Доницеттидің басқа да шығармаларымен қатар, «Қоңырау» да опера театрларының сахнасында жиі қойылады. Музыкасы өте әсем, бірақ сонымен бірге орындаушылар үшін айтарлықтай күрделі, өйткені композитордың стилистикасы мінсіз вокалдық техника мен итальян тілін жақсы білуді талап етеді, себебі операда речитативтер өте көп. Сонымен қатар Доницетти – тамаша драматург, сондықтан осынау операның оқиға желісі көрерменді еліктіріп, олардың назарын өзінен бір минутқа да жібермейді, — деді Руслан Баймурзин.

Дайындықтар бірінен соң бірі жүріп жатыр. Әртістер спектакльдің үлкен ынтаны талап ететінін атап өтуде. Бұл комедиялық опера болғандықтан шығармашылық жұмыс барысы қызықтыра түсуде. Дайындықтарда академистер көп әзілдесіп, суырып салу өнерлерін көрсетуде. Әлбетте, олар сахнада жарқын, қызықты кейіпкерлерді сомдай алатындарына және алғаш рет елордада қарт дәріханашы мен жас жұбайының хикаясын айтатындарына қатты қуанышты.

— «Қоңырау» операсындағы дәріханашының партиясы – ең басты партия, барлық іс-әрекет бас кейіпкердің айналасында және оның үйінде өрбиді. Әрине, музыкалық орындау жағынан, актерлік ойын тұрғысынан бұл рөлдің өзінің бірқатар қиындықтары да бар. Комедиялық кейіпкер Дон Аннибале қиын жағдайда қалады, ол жас қызға үйленуді ұйғарады, алайда қалыңдығының ғашығы бұған көндіге алмай, операдағы іс-әрекет өрбитін түн бойы дәріханашыға қастық ойлап, кезекті келушінің кейпінде қоңырау соға береді. Партия опера-буффа дәстүрлеріне сай жазылғандықтан ол өте қызықты, ең қиыны – кейіпкердің барлық комедиялығын көрерменге жеткізу, — деп атап өтті В.Селиванов.

Оның сахнадағы жұбы, Серафинаның бейнесін сомдауға дайындалып жатқан Фируза Рахметова да Валериймен бір пікірде.

— Менің жаттап жатқан партиям әртістік болуымен қатар, өзінің көп қырлылығымен күрделі және ол актерлік ойынды айтпағанда, эмоциялар мен міндеттердің үлкен шоғырын қамтиды. Онда дуэт, терцет және речитативтер бар. Мен комедиялық операларды қатты жақсы көремін және бұл менің опера-буффаны алғаш рет орындауым, сондықтан бұл партияға асқан қызығушылықпен, тебіреніспен және жауапкершілікпен қараймын. Спектакльге дайындық қарқынды жүріп жатыр, оған академияның барлық тыңдаушылары жұмылдырылған. Біз көне көше театры форматын өз пайымдауымызда таныстырғымыз келеді, бұл спектакліміздің идеяларының бірі. Көңілді кеш өткізіп, Astana Opera Халықаралық опера академиясы тыңдаушыларының орындауынан ұмытылмас әсер алу үшін көрермендер «Қоңырау» операсына қуана келеді деп ойлаймын. Көрермендерге Г.Доницетти туындысының мағынасын жеткізу қолымыздан келеді деп сенемін, — деді Фируза Рахметова сөзін қорытындылай отырып.

Осылайша, оқырмандар «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» операсына дайындық қалай жүріп жатқанын біліп, шығармашылық пен үлкен еңбектің атмосферасын сезіне алды. Алда ең қызықты оқиға – премьера күтуде! Өткізіп алмаңыздар.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.