АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУ – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. Бүгінде «100 мектеп, 100 аурухана», «Ауыл – ел бесігі», «Қолжетімді баспана», «Серпін», «Дипломмен – ауылға!» т.б. бағдарламалар біршама жылдан бері жүзеге асырылып, ауыл-аймақтың даму үдерісі назарға алынып келеді. Өңіріміздің көптеген аймақтарында ауыз су, жол, газдандыру, мектеп, балабақша т.б. түйткілді мәселелер шешіліп, ауыл халқының тыныс-тіршілігінде жаңа бір леп пайда болғандай. Ауыл халқын, әсіресе, жастарды жұмыспен қамтуда да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар.

Мәселен Түлкібас ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында 228 азамат жаңа мамандық иегері атанып, еңбек нарығын жаңғырту, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағытындағы жұмыстар өз жемісін беруде.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» 2 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Таяуда Түлкібас ауданына қарасты «Грант» оқу орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 228 азаматқа куәлік берілді. Ауданда бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша 7 оқу орындарына 8 мамандық бойынша 348 адам жолданып, соның ішінде 120 азамат республикалық бюджеттен, ал 228 азамат ұлттық қордан қаржыландырылып, оқуларын толық бітірді.

Өз кәсібін ашам деген азаматтарға да жол ашық. Бұл бағдарламаның жұмыссыз жастар мен көп балалы аналар үшін де тиімді екені де айтылып, насихатталып жатыр. Бағдарламаға қызығушылық танытқан 348 аудан азаматтарының 125-і 29 жасқа дейінгі жастар болса, 85-і көпбалалы аналар, қалған         138-і өзге санаттағы жұмыссыздар. Яғни қысқа мәрзімді кәсіптік оқуды оқыған 34 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашса, олардың ішінде 9 ірі қара мал бордақылау, 15 шаштараз және сәндік косметика, 10 аспаз және кондитер салалары бойынша өз кәсіптерін бастаған. 40 азамат тұрақты жұмыс тапқан. Алдағы уақытта қосымша 135 азамат қайтарымсыз грант алуға үміткер ретінде тіркелді.

Өңіріміздегі ауылдар да ажарлана түсуде. Бүгінде ел билігі де болашағы бар ауылдарды дамытуды қолға алып, әлеуметтік саланы көтеруге ден қойып отыр. Ауылдарда халық тұтынатын тауарлар шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу де жолға қойылмақ. Жолдарды жөндеп, үй салу, шағын және орта бизнесті дамыту да басты назарда. «Ауыл – ел бесігі» секілді арнайы жобалар да осы маңызды меже-міндеттерді іске асыруды көздейді.

Жоба аясында біздің өңір бойынша алдымен Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Келес, Созақ ау-дандарында жұмыс жүргізіледі. Мәселен, Шаян ауылында – 9, Қазығұртта – 13, Мырзакентте 14 жоба іске қосылса, 9 жоба Темірланда, 2-еуі Шәуілдірде, қалған 43 жобаның 25-і Абай ауылында, 17-сі Шолаққорғанда жүзеге асырылады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасына ел қазынасынан 3,7 млрд. теңге қарастырылса, облыстық бюджеттен 371,2 млн. теңге, яғни жалпы 4 млрд. теңгеден астам қаржы беріледі. Оған 76 көше, 5 мектеп, 3 балабақша мен 5 мәдениет нысаны жөнделетін болады. Қазір бұл саланың 2,3 млрд. теңгесі толық игерілді. Келешекте 112,8 шақырым көше асфальтталып, жарықтандырылады, 7 білім беру, 1 спорт кешені мен 5 мәдениет нысаны жөнделеді.

Ал, келесі жылы жоба аясында 15 елді мекенде 114 жоба іске қосылатын болса, оған мемлекет есебінен 5 млрд. теңге қарастырылған. Бөлінген қаржыға тұрғын үйлердің, әлеуметтік-мәдени нысандардың, инженерлік-көліктік инфрақұрылымдардың күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады.

Одан бөлек ауыл-аймақты дамытуда туған өлкесіне өз қаражатына түрлі нысандар ашып, перзенттік парызын адалынан атқарып, ел-жұрттың алғысына бөленіп жүрген азаматтар да аз емес.

Айталық Төлеби ауданындағы Бірінші мамыр ауылдық округінің Бейнеткеш ауылынан салынған «Бәйтерек» жабық кіші футбол алаңшасын жеке кәсіпкер Бағила Әшірбаева салып, алаңша жуырда пайдалануға берілді.

Аудан әкімінің орынбасары С.Дүйсебаев салауатты өмір салтын ұстануда осындай нысандардың көптеп ашылуы маңызды екенін атап көрсетіп, осы игі істері үшін жеке кәсіпкерге және бірқатар белсенді азаматқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Қазығұрт ауданында жомарт жандардың арқасында екі жанұя баспаналы болды. Осы көпбалалы отбасы мен мемлекеттік қызметкерлерді аудан әкімі Төлеген Телғараев құттықтап, үй жиһаздарын сыйға тартты.

Бұл жаңа тұрғын үй «Қазығұрт» шағын ауданынан салынды. 4 бөлмелі, сумен, табиғи газбен қамтылған, 15 соттық жері бар үйлерді Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер Сырым Ертаев өз қаржысына тұрғызып беріп, азаматтық танытты. Ал аудан басшысы болса келешекте мұндай істер мемлекет тарапынан да жалғасатынын айта кетті. Расында да мемлекетіміздің ауылды көтеруге бөліп отырған қаражаты қомақты. Демек, ауылдың шын мәнінде ел бесігіне айналып, ірі мегаполистерді отандық ауыл шаруашылығы өнімімен артығымен қамтамасыз ете алатын деңгейге көтеріле алатынына да сеніммен қарауға болады.

А.Үсіпов.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.